Биыл Қарағанды облысы әкімінің грантына 200 миллион теңге бөлінді. Барлығы 100 жеңімпаз анықталады, олар әрқайсысы 2 миллион теңгеден алады. Байқауға қатысуға өтінімдер мамыр айында қабылданады.
Жастар кәсіпкерлігін дамыту және қолдау мәселелері облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен өткен Жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысында талқыланды.
Өңірде 95 300 шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Оның 15 560-ы – 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлер. Жастар жобаларының ең көп саны саудада – 5531, қызмет көрсету саласында – 3331, ауыл шаруашылығында – 1438, өнеркәсіпте – 921 жүзеге асырылды.
Жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржылық және қаржылық емес қолдау кешені әзірленді. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба мен облыстық бағдарламалар аясында биыл 800 жастар жобасын, оның ішінде 385-ін жұмыспен қамту басқармасы арқылы қаржыландыру жоспарлануда.
– Жас кәсіпкерлер 400 АЕК алады, – деді кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева. – Жастар саясаты басқармасы арқылы облыс әкімінің әрқайсысы 2 миллион теңгеден 100 грантын беру жоспарлануда (өткен жылы грант сомасы миллион теңгені құрады). Қалалар мен аудандарда әкімдердің гранттарына 140 миллион теңге бөлінді – бұл шамамен 200 грант.
Сондай-ақ, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша алты мақсатты грантты кәсіпкерлік басқармасы бөледі. Бір грант сомасы 5 миллион теңгені құрайды. Байқау осы жылдың үшінші тоқсанында «Электрондық үкімет» веб-порталының Qoldau.KZ платформасы арқылы электронды түрде жүзеге асырылады деп жоспарлануда.
Гранттарды бөлу кезінде креативті салаларға ерекше назар аударылатын болады. Оларға дизайн және сән, өнер, теледидар, кино және музыка, баспа және журналистика, сәулет, маркетинг және коммуникациялар, шығармашылық индустриядағы білім, компьютерлік графика, Big Data кіреді.
Биылғы жылы да жаңа бағыт – моно және шағын қалаларда, сондай-ақ ауылдарда жылдық 5%-бен (айналым қаражатын толықтыруға – 5 миллион теңгеге дейін, инвестициялық кредиттерге – 20 миллион теңгеге дейін) микро және шағын кәсіпкерлікті қолдау басталады.
Сонымен қатар, жылдық 6%-бен жеңілдетілген шағын несие беру арқылы үлкен қолдау көрсетілуде. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша жас кәсіпкерлердің 50 жобасын субсидиялау жоспарлануда.
Мысалы, БЖК бойынша Қарағандылық жас кәсіпкер Сергей Бобков 4,9 миллион теңге грант алды. Осы қаражатқа ол механизмдерге арналған бөлшектер, декор элементтері, макеттер және басқаларын шығаратын 3D модельдерін жасауға арналған пластик өндіретін жабдық сатып алды.
Жастар бизнесі жаңа жұмыс орындарын ұйымдастыруда және жұмыссыздық деңгейін төмендетуде үлкен рөл атқарады. Тек өткен жылдың өзінде 1500 жұмыс орны ашылды.
Айта кету керек, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша гранттар беру ережелеріне өзгерістер енгізілді: енді гранттарды қолдауға ие болған кәсіпкерлер ала алмайды.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек гранттар алу шарттары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және бюджет қаражатын бөлудің ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Ауылдық жерлердегі адамдар грант алу мүмкіндігі, байқауларға қатысудың критерийлері мен индикаторлары туралы әрдайым біле бермейді. Олардың нәтижелері: гранттарды кім алды, қандай жобалар қолдау тапқаны жайлы бейхабар. Мұны адамдарға жеткізу керек. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмысты қайта қарау қажет. Гранттарды тек әлеуетті жобалар ғана алуы тиіс, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.