Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтардағы Парламент Мәжілісінің отырысында білім беру мәселелеріне, соның ішінде жоғары білім беру сапасына басты назар аударды. Қазіргі кезде елімізде білім беру саласын дамыту бойынша ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Осы орайда білім саласындағы өзгерістер туралы, нақтырақ айтсақ, ЖОО студенттерінің шәкіртақысы, сапасыз білім беру ұйымдарын жабу мен студенттердің жұмысқа орналасуы жөнінде толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Сапасыз білім беретін университеттерді жабу

Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты — бəсекеге қабілетті маман даярлау. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарының қызметін тоқтату бойынша жұмыс жүргізуде. Атқарылған жұмыс нәтижелері бойынша, соңғы екі жылда ЖОО-ның саны 15-ке қысқарған. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, тағы оқыту сапасы нашар 65 ЖОО-дан 500-ден астам лицензия кері қайтарылған. Сондай-ақ 30 колледж жұмысын тоқтатып, тиісті деңгейде білім бермеген мамандықтар бойынша 2000 лицензия министрлікке қайтарылған.

Бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов университет сапасын анықтайтын ұлттық электронды база бар екендігін айтып өткен болатын.

«Базаға әр университет өздерінің дербес көрсеткіштерін жазып береді. Оны біз жазбаймыз. Біз тек қана сол көрсеткіштерді зерделеп қараймыз. Осы нәтижелерді назарға алып, тәуекелдер бар екенін білгеннен кейін, оны арнайы тексеру үшін тіркеуден өтеміз», – деді Асхат Аймағамбетов

Сондай-ақ министр бұл тексерістің негізгі мақсаты сапасыз мамандарға диплом бермей, оларды нарыққа шығуына жол бермеу екендігін атап өтті.

Студенттердің жұмысқа орналасуы қалай қадағаланады

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектерін жұмысқа орналастыруға қатысты жас мамандарды жұмысқа бөлу және жіберу тәртібі регламенттелген. Жоғары білімнің оқу бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жоғары оқу орындарына түсетін адамдар үшін «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – заң) 47-бабының 17-тармағына сәйкес оқу аяқталғаннан кейін кемінде үш жыл міндетті жұмыспен өтеу туралы норма қолданылады.

Жас мамандарды жұмысқа жіберуді жоғары оқу орындары құратын дербес бөлу жөніндегі комиссиялар, сондай-ақ медициналық мамандықтар түлектері үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады Комиссия өз құзыреті шегінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмысты өтеу міндетінен босатады. Олар, жұбайы тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өтеп жатқан елді мекенде бос жұмыс орны болмаған жағдайда; I және II топтағы мүгедектер; одан әрі оқуға магистратураға, резидентураға, докторантураға түскендер; жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар, сондай-ақ оны (оларды) жалғыз тәрбиелеп отырған адамдарға қатысты. Комиссияның шешімімен түлектер 1 қыркүйектен жұмыс орнына келулері керек, жұмыс болмаған жағдайда жұмыспен қамту орталығына тіркелулері қажет.Осы категориядағы азаматтар жұмысты өтеу жөніндегі міндетін орындамаған жағдайда өздерін оқытуға жұмсалған шығыстарды білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы арқылы (Қаржы орталығы) бюджетке өтейтін болады. Сондай-ақ, бүгінгі күні білім гранты бойынша оқуға түскен студенттердің грантты жұмыспен өтеу шарттары жеңілдетілді. Енді түлектер тек мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жекеменшік ұйымдарда да жұмыс істей алады. ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру деңгейін объективті бағалау мақсатында 2015 жылдан бастап зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық базасының деректері бойынша тиісті мониторинг жүргізіледі. 2021 жылы ЖОО бітірген түлектердің 68,9% жұмысқа орналастырылды.

Сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлінің кеңейтілген алқа мәжілісінде жоғары оқу орындарын түлектерді жұмыспен қамтуға міндеттеу туралы тапсырма берді. Ол өз сөзінде, жоғары оқу орындарының жанынан түлектерді жұмысқа орналастырумен айналысатын мансап орталықтарын ашуды тапсырды.

Білім беру сапасын арттыру бағыттары

2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ЖОО студенттерінің шәкіртақысы 20%-ға, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15% – ға артады. Осылайша, педагогикалық дайындық бағыты бойынша оқитын студенттер 58 мың теңгеден астам, басқа бағыттар бойынша 37 мың теңгеге жуық шәкіртақы алатын болады. Магистранттардың шәкіртақысы 86 987 теңгеге дейін, докторанттардың шәкіртақысы 195 000 теңгеге дейін өседі.

Сондай-ақ, Қазақстанның барлық университеттері жан басына қаржыландыру жүйесіне көшті. Мемлекеттік пен жеке меншік университеттер оларды қанша талапкер таңдаса дәл сол мөлшерде ғана мемлекеттен грант яғни қаражат алады. Сәйкесінше, мемлекеттік жоғары оқу орындар, жөндеу жұмыстарын жүргізуге, жалақы төлеуге, материалдық базасын жаңартуға бюджеттен тікелей қаржы алмайды.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша техникалық бағыттарға грант саны артады

«Болашақ» бағдарламасы бойынша техникалық және IT мамандықтарға грант саны 36%-дан 60%-ға дейін өседі. Бұл – оқытудың осы бағыттары бойынша үміткерлерді қолдаудың қосымша шараларының бірі. Техникалық дайындық бағыттары бойынша үміткерлер үшін шет тілін меңгеруге арналған IELTS тестінің орташа балы төмендетілді.Енді 5.0 балл жеткілікті және бір жыл тілдік дайындықтан өту мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл шаралар техникалық мамандықтар бойынша оқыту мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен қатар ауылдық жерлерден келген үміткерлердің де мүмкіндіктерін арттыру жоспарланып отыр. Мысалы, IELTS нәтижесімен ағылшын тілін меңгеру деңгейін 5.0 балға дейін төмендету, ауылдық жерде міндетті тұру мерзімі 3 жылдан 2 жылға дейін қысқарту жоспарда бар, оларға тілдік дайындықтан өтуге мүмкіндік беріледі. Одан бөлек, аудандық маңызы бар қала тұрғындарын қосу арқылы ауылдық жерлерден кандидаттардың контингентін кеңейту және олардың санын ұлғайту ұсынылуда.