Мәжіліс педагогтердің құқықтарын нығайтуға бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Басқа ақпараттар

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов төрағалық еткен жалпы отырыста депутаттар атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру, педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері жөніндегі заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар қызметіне қатысты заң екінші оқылымда қабылданып, Сенатқа жолданды, деп хабарлайды Jas.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода таныстырған атқарушылық іс жүргізу туралы заң жобасы азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және жеке сот орындаушыларының жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Құжатта өндіріп алудың жеңілдетілген тәртібін 20-дан 40 АЕК-ке дейін кеңейту, борышкерлерді үйден шығару туралы кемінде 10 күн бұрын хабардар ету және жеке сот орындаушыларын міндетті аттестаттаудан өткізу нормалары қарастырылған. Сонымен қатар тәркіленген мүлікті электронды сауда арқылы сату тетіктері мен сот орындаушыларының әрекетіне шағымдану тәртібі жетілдіріледі.

Ал педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері жөніндегі заң жобасын Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов таныстырды. Құжатта педагогтердің құқықтарын қорғау, қағаз және электронды есепті қатар жүргізуге тыйым салу, мектептерде смартфон пайдаланудың бірыңғай ережесін енгізу көзделген. Сондай-ақ медициналық білім беру жүйесін жетілдіру, интернатураны клиникалық тәжірибемен ұштастыру және шетелдік университеттердің филиалдарына қойылатын талаптарды күшейту ұсынылған.

Жұмыс тобының жетекшісі Жанарбек Әшімжанов мектеп оқушыларының ғылыми қызметке қатысуын кеңейту және «академиялық адалдық» ұғымын заңнамалық тұрғыда бекіту бойынша қосымша ұсыныстар енгізілгенін айтты.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары бастамашы болған арнаулы мемлекеттік органдар қызметіне қатысты заң жобасы екінші оқылымда қабылданды. Жұмыс тобының жетекшісі Олжас Құспеков заңда мемлекеттік құпияларды қорғау шараларын күшейту, экстремистік және террористік материалдарды тасымалдауға тыйым салу және арнайы органдар қызметіндегі құқықтық олқылықтарды жою нормалары қарастырылғанын мәлімдеді.

Соңғы жарияланымдар

«Қате тарихтан жаңылыс түсінік қалыптасады»: экс-сенатор оқулықтардағы олқылықтарды көтерді

«Қате тарихтан жаңылыс түсінік қалыптасады»: экс-сенатор оқулықтардағы олқылықтарға назар аударды Білім күні қарсаңында тарих оқулықтарының сапасы мен ондағы қателер мәселесі...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз