Қала құрылысы қарқын алады

1549

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына келген іссапары Алтынкөл халықаралық темір жол бекетінен бастау алды. Лауазымды тұлғаны облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ және республикалық, облыстық деңгейдегі жауапты тұлғалар қарсы алып, бірге жүрді. Үкімет басшысының бірінші орынбасарына арнайы экономикалық аймақта атқарылған жұмыстар таныстырылды.

Алдымен Алтынкөл халықаралық темір жол бекетінің басшысы Жандос Ұнтақбаев бекеттен аттандырылатын контейнерлік жүк пойыздарының бағыттары мен жүк тасымалдаудың мүмкіндіктері жайлы баяндады. Айтуынша, бекеттің халықаралық жүк тасымалдау қуаты өткен жылмен салыстырғанда жеті есеге ұлғайыпты. Биыл өткен бес ай мерзімінде Алтынкөл бекетінен контейнерлік жүк тиеген 163 пойыз жөнелтілген. Бекеттің «Құрғақ порт» айлағында тәулігіне Қытай және Еуропа, Орта Азия мемлекеттерінен келген жиырма контейнерлік жүк пойыздары қабылданып, жүктері ауыстырылып тиеліп, сапарын жалғастыра алады.

Үкімет басшысының бірінші орынбасарына бұдан кейін Қорғас су бассейніндегі селден қорғау шаралары баяндалды.

Тау басындағы қалың қар мен мәңгілік мұздақтар еріген жағдайда «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА мен Панфилов ауданының елді мекендеріне Қақпан, Баскөл және Үш Қазан көлдері төндіретін қауіпке қарсы атқарылып жатқан шараларды республикалық селге қарсы қарекет басқармасының басшысы  Т. Баймолдаев таныстырды. «Апат айтып келмейді» демекші, асау Қорғас өзенінің жыл сайын маусым, шілде айларында күн қатты қызғанда бір таситын әдеті бар. Сондықтан  Қорғас ауылындағы кеденнің және «Қорғас шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығына» өтетін көпірлердің тасқын су келетін жоғарғы жағы селге қарсы нықталған. Сонымен қоса тау көлдерінің тасуына қарсы қарекет жасау мақсатында Шұңқырбұлақ шатқалында үлкен су тоспасын жасау жоспарланыпты.

Үкіметтен осы тоспаны салуға қаржы бөлу мәселесі айтылды. Бекеттегі көрмеде «Нұрлы жол» кедендік өткеліндегі Логистикалық кешен құрылысы да таныстырылды. Логистикалық кешен толық іске қосылғанда бір жұмыс күнінде 875 көлікке жүк тиеліп жолға шығатын болады. Соның 60 пайызы (525) қысқа мерзімді сақтау ғимаратында қайта тиеліп, 350 көлік ашық алаңнан жүк алуға бейімделген. Асқар  Мамин «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ның мониторлық басқару орталығына келіп, оның қызметімен танысты. Орталық қызметі жайлы АЭА басшысының орынбасары Х. Белмаш баяндады. Бұл орталықта арнайы экономикалық аймақта атқарылып жатқан барлық жұмыс монитор арқылы басқарылып, сарапталып, күнделікті сараланып, тиісті орындарға хабарламалар беріледі.

Нұркент қалашығына келген Үкімет басшысының бірінші орынбасары осы қалашық іргесінен салынатын Нұркент қаласына бөлінген жер теліміне барып, оның бас жобасымен танысты.

Бас жоба жайында «Урбастиль» ЖШС басшысы Любовь Нысанбаева баяндады. Болашақта 100 мыңнан аса адам қоныстанатын жаңа қаланы салуға 600 гектардан астам жер бөлінгенімен оның жалпы ұзындығы 14 шақырымға созылып, қаламен Құрғақ порт, Логистикалық және Индустриялық орталықтар іргелеспек. Жаңа қаланың алғашқы белгісін (капсуласын) арнайы жасалған еңселі монументке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп қояды деп күтілуде. Осы монумент орнатылатын орын белгіленді.
АЭА аумағындағы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы орталығында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары соңғы айларда бой көтерген жаңа құрылыс нысандарында болды. Арнайы аймақтағы құрылыс қарқыны күн санап үдеп, миллиондаған жыл бойы мызғымаған алып құм жоталары заманауи техникалардың тегеуірінімен тегістеліп, Қорғас өзенінің жағалауында зәулім ғимараттар бой көтеруде.