«Мен қазақ қыздарына қайран қалам…» Мектеп жасында кәсіп бастау-үлкен тәуекел. Әрі ол қыз бала болса тіпті қиын. Нәзік жаратылыстың соқпағы көп бизнес әлемінде жүруі қазір сирек көрініс емес. «Jas kasipker-2019» байқауының қатысушысы Сара Сахынбек 18 жаста. Бүгінде ол тұрақты екі кәсіпті жүргізіп отыр әрі еліміздегі іргелі оқу орындарының бірінде студент.
— Сара, жас болсаңыз да, ерте есейіп, маңызды жауапкершілікті арқалап жүр екенсіз. Іскерлік ойлау қанша жасыңыздан басталды?
—Менің ойымша, барлық адам белгілі бір жолдарды жүріп өту арқылы шыңдалады. Мен кішкентай кезімнен бастап түрлі жерлерде жұмыс істей бастадым: фотогроф, аниматор, әкімші болдым. Еңбекке кішкентай кезімде араластым. Ол бір ауыр кезеңдер болатын. Ата-анам таңнан кешке дейін жұмыста еді. Кей күндері үйде нан бітіп қалатын. Сондай кездерде менің бар арманым «інім ашығып қалмай, тоқ жүрсе» деген ой болды. Содан көшеде сауда жасап тұратын апайлардың жанына барып, қаламсап сата бастадым. Алғашқы күндері үйге нан әкеліп жүрдім. Бұл мен үшін үлкен қуаныш болды. Кейіннен табысым сүт сатып алуға жете бастады. Қазір ойлап отырсам сол кезден бастап үйдің үлкені ретінде жауапкершілікті сезіне бастаппын. Кейін, шүкір,барлығы қалыпқа келе бастады. Ата-анамның да жұмысы жүріп, реттеліп кетті.
—Кәсіпкерлік болмыс дегенді қалай түсінесіз? Кәсіппен айналысу үшін негізгі керек қасиет қандай?
—Мектепте оқып жүргенде халықаралық музейде бас әкімші болып жұмыс істедім. Сол жерде командамен жұмыс істеуді үйрендім деп айтсам болады. Басқару, бірге жұмыс істеу, бағыттау ,команданы біріктіре білу өнерін меңгердім. Кәсіпкер үшін командамен жұмыс істей білу-өте маңызды дүние. Біз еңбекақымызды күн сайын алатынбыз. Мен әр күнді ойша қорытындылап, өзімнен «осы ақшаға сай еңбек еттім бе?» деп сұрайтынмын. Егер өзімнің істегеніме көңілім толмаса, тыныш ұйықтай алмайтынмын. Біреудің маған беріп отырған ақшасының маңызын жете түсінетінмін, соған сай, олар күткеннен де жоғары дәрежеде еңбек ететін едім. Лайықты болу-мен үшін басты орында. Осы қасиет кәсібімде де көп көмегін тигізді.
— Осы кәсібіңді қалай, қашан бастадың?
—Мектеп оқып жүргенде сыйлық алу үшін жақын жердегі дүкенге көп келетінбіз.Бір күні келгенде осы жердегі апай шаршағанын, бәрін тастап кете салғысы келетінін айтты. Мен бірден сатып алуға ұсыныс жасадым. Осылайша , өзімнің жинаған қаржыма дайын кәсіпті сатып алдым. Ақырындап бастап жүргізе бастадым. Ол кезде тек сыйлықтар, шарлар ғана болған. Уақыт өте келе, жанымдағы гүл сататын дүкен де басқа жаққа ауысып жатты. Ол жердегі кісі маған өзі ұсыныс айтты. Мен бұл бизнесте көп дүниені түсінбедім. Бірақ сатып алып, келіскен соң ары қарай алып кетуім үшін ол кісі маған өзі көмектесті. Солай аяққа тұрып кеттік. Жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін ,ресми түрде ашылды.
—Қазір қанша адамды жұмыспен қамтып отырсың?
-Қазір 4 адам жұмыс істеп жатыр. Әлеуметтік желілердегі парақшаларды дамытып жатырмыз. Жеткізіп берумен айналысамыз. Гүлге арнайы күтім жасайтын және сатылыммен айналысатын адамдар бар. Әзірге ұжымымыз шағын. Десе де, бізге бар болғаны бір жылдың көлемі болды. Менің бизнестегі тәлімгерім үнемі «ешқашан өзіңді өзгемен салыстырма» деп айтатын. Себебі, біздің өз жолымыз бар. Барлығы тәжірибемен келеді. Ашылғанына 5 жыл болған дүкенмен өзімізді салыстыра алмаймыз.
—Сабақ пен кәсіпті, қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүруге қалай үлгересің?
—Мүлде бос уақыт қалдырғанды ұнатпаймын. Күн тәртібімді алдын ала жоспарлап жүремін. Кішкентай кезден бірнеше жұмысты қатар алып үйрендіктен шығар, қазіргі қарбалас маған қиындық тудырмайды. Күн сайын міндетті түрде шығармашылық уақыты болады. Мен осы уақытта «демаламын». Яғни, сурет саламын, биге барамын немесе спортпен шұғылданамын.Шаршамауымның тағы бір себебі бар: мен үшін ең бастысы-адамдарға қуаныш сыйлау. Адамдардағы қуанышты көрген сайын мен шабыттана түсемін, жұмысыма деген қызығушылығым мен сүйіспеншілігім арта түседі. Болашақта да осы сүйікті ісім арқылы талай жүрекке жылу, қуаныш сыйлаймын деген ниетім бар!
-Сара, әдемі сұхбат үшін рахмет! Тек жақсылық болсын, сәттілік тілеймін.
Сұхбаттасқан: Сымбат Еркінбек