ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Жастар саясаты жөніндегі кеңестің елордада тұратын мүшелерімен кездесті. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Жазбаға сүйенсек, кездесу нәтижесінде жастар саясаты саласының маңызды бағыттары бойынша 6 комитет құрылды. Атап айтқанда, білім беру және ғылым; медиа, креативтілік және өнер; экология; мүмкіндігі шектеулі жастар; гендер мәселелері, тұрғын үй, жұмыспен қамту және басқа да мәселелер комитеттері құрылды.

«​Биылғы сәуір-маусым айларында комитет мүшелері мемлекеттік органдардың басшыларымен кездесу өткізуді жоспарлап отыр

Кеңес мүшелері заң шығару жұмысына атсалыса бастады. Кеңестің 15 мүшесі «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының құрамына кірді», дейді Мемлекеттік хатшы.

Сондай-ақ, Кеңес мүшелері волонтерлік қызмет, қайырымдылық, үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар және гранттар туралы заң жобалары бойынша жұмыс топтарына қатысуда.

«Бұдан бөлек, Кеңес мүшелері кибербуллинг туралы заң жобасының қоғамда қызу пікірталас тудырған нормаларын пысықтап, өзгертуге атсалысты. Бүгін Мәжіліс депутаттары осы заң жобасына Сенат енгізген түзетулерді мақұлдады.

Кеңестің алдағы жұмысы да өте қауырт. Оның мүшелерін жастарға қатысты маңызды бағдарламалық құжаттарды әзірлеуге жұмылдыру жоспарланып отыр», делінген жазбада.