Алматы облысының КТК құрамасы «Шапалақ» тобы «Жастар» атты Республикалық фестивалінің жеңімпазы атанды. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды, — деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Алматы облысының құрамасы «Шапалақ» тобының құрылғанына биыл бес жыл болған. Осыған дейін топтың құрамы бірнеше рет ауысқанмен, көрсеткен нәтижелері өте көп. 2016 жылы Алматы қаласында өткен бірінші лигада 2 рет финалға шығып, биылғы маусым айында Республикалық деңгейдегі Павлодар облысы әкімінің кубогы Жайдарман ойынында І орын және Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кубогы Жайдарман ойынында ІІІ орынды иеленген.
«Жалпы «Шапалақ» жайдарман тобының басқа құрамалардан басты ерекшелігі кез келген ойында ән шырқамай, би билемей, тек саяси әзілдермен жеткізеді. Оны халық та, әділ қазылар да жақсы түсінеді. КТК ойындары әр түрлі аудан немесе қалаларда болғандықтан «Шапалақ» тобы сол жердің өзекті мәселелерін алға тарта отырып, халықты күлдірте біледі және бір ойналған әзілді екінші рет шығармайды», — деді «Шапалақ» жайдарман тобының жетекшісі Әділбек Алтайұлы.