Пятница, 27 декабря, 2024
No menu items!

Атырау жастары ақылды әрі зияткер

Басқа ақпараттар

Жастардың интеллектуал және шығармашылық әлеуетін үнемі шыңдап отырған жөн. Осы бағытта іс-шаралар үлкен жауапкершілікпен атқарылатын болса, оның жемісін көп ұзамай көреріміз анық. Еліміздің барлық облысында жастармен жұмыс істейтін ресурстық орталық бары белгілі. Әр аймақтың ерекшеліктеріне қарай жұмысы да түрліше сипатта өрбиді. Контингентіне қарай нәтижелі іс атқарып жүрген облыстардың бірі – Атырау.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны белгілі. Салтанатты ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде «Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілетінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге – білімдеріңізге, күш-жігер мен патриоттық сезімдеріңізге байланысты. Қазір қолға алынған жұмыстардың бәрі сіздердің бақытты өмірлеріңіз, сондай-ақ өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық жүзеге асыра алу үшін атқарылып жатыр» деп шегелеп айтқан болатын. Осы орайда Елбасының белгілеп кеткен бағыттары бойынша еліміздің батыс бөлігінде орналасқан Атырау облысының атқарған жұмыстарын жүйелегенді жөн көріп отырмыз.

Атырауда қанша жастар ресурстық орталық бар?

 

Біріншіден, жастардың интеллектуал және шығармашылық әлеуетін көтеруге бағытталған іс-шараларға тоқталсақ.

Атырау қаласында орталықтың ұйымдастыруымен «Пікірсайыс сізге не береді?» тақырыбында шеберлік сағаты өтті. Тек қаланы ғана емес, облыстың жеті ауданынан қамтыған кездесуді «Жеті жарғы» қоғамдық қорының директоры, дебатер А.Құрметұлы жүргізген. Мұндай іс-шара жастардың ойын еркін жеткізіп, білімін шыңдауға, таным көкжиегін кеңейтуге оң әсерін береді. Пікірсайыстың тағы бір түрі – Fun Time. Екі рет өткізілген іс-шараға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, кәсіпкер Олжас Сүлейменов пен ораторлық өнер мектебінің директоры Нұрлан Азаматов  және республикалық пікірсайыс турнирінің жүлдегері, жас ақын Асылбек Есжан және Спикерлік ораторлық шеберліктен тренер Нұрлан Азаматов қатысқан. Дарынды әрі жас спикерлермен көзбе-көз кездескеннің өзі көпшілікке мотивация береді. Сонымен бірге аймақта студенттер арасында да пікірсайыстар жиі өтіп тұрады. Бұған атыраулық жастар әбден үйренген сыңайлы. Осы іс-шараның арқасында жастар арасындағы патриоттық сезім мен белсенді азаматтық ұстаным қалыптасып келеді. Әрі сыни, логикалық тұрғыда ойлау, сендіре білу қабілеттері де қоса дамиды.

Келесі бағыт – ұлттық құндылықтарды насихаттау, елге деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру. Бұл ретте облыстық орталық бірнеше мүшәйра, буккросинг және өзге де әдеби кештер өткізуді қолға алған. Атап айтқанда, Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында «Жас aқындар» мүшайрасы өткізілген. Мақсаты – жастарға патриоттық тәрбие беру, елін, жерін сүюге баулу, аштық, саяси репрессия құрбандарына тағзым ету, олардың есімдерін ұлықтау. Жас ақындар мүшәйрасына 18-29 жас аралығында 15 ақын қатысқан. Сонымен бірге №2 қалалық орталықтандырылған кітапханасында Bookkrosing акциясы мен «Үздік оқырман» атты оқырмандарды марапаттауға арналған шара өткен болатын.    Одан бөлек, елорда күніне, шахмат мерекесі, алғыс айту күніне орай да кештер ұйымдастырылған. Тағы бір айта кететін жайт, еліміздің батыс өңірі салт-дәстүрлі сақтауымен де ерекшеленеді. Мәселен, өзге облыстарда соңғы кезде ғана атап өтіліп жүрген Амал, көрісу мерекесі батыста белсенді тойланады. Бұл күні атыраулықтарға арнап «Жайық тарландары» ұлттық спорт түрлерінен жарыс өткен еді. Әлбетте, Ұлыстың ұлы күнін тойлауға да орталық білек сыбана кіріскен. «Төрле төрімі, әз-Наурыз» іс-шарасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастардың санасына сәуле құю мақсаты орындалды десек, артық болмас. Жалпы алғанда жастар ресурстық орталығы еліміздегі ресми және өзге де атаулы күндерді атаусыз қалдырмайды. Бұған аймақтағы өтіп жатқан әр іс-шара дәлел бола алады.

«Қазіргі таңда өңір жастарының өзін-өзі дамытуын, табысқа жету мүмкіндігін арттыру, жастардың оқуы, жұмысқа тұруы үшін қажетті дағдыларды дамытуға бағытталған «Самғау» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл – БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балаларды қорғау қорымен бірлескен жоба. Атырау облысында бұл жоба БҰҰ Generation Unlimited атты жаҺандық бастамасы аясында алғаш рет жүзеге асырылып отыр.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері «Дина», «Байзар», «Тамаша» сауда орталықтарында және оқу орындарда  21-ге жуық  мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндірме жүмыстары, 7-ге жуық Ашық есік  күндері ұйымдастырылды. Бағдарламалар бойынша кездесуде 500-ден астам қала тұрғындары қатысты. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес алған жастар саны – 1500. Дипломмен ауылға мемлекеттік бағдарламалар бойынша  Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі және Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті студенттерімен түсіндірме жүргізу жұмыстары жүргізілді.

APEC PETROTECHNIC колледжінде  Н.Ә.Назарбаевтың 2019 жылы «Жастар жылы» деп жариялануына байланысты Атырау облысының танымал жастары, «Жерұйық командасы» студент жастарымен кездесу өткізілді. Түнгі уақытта ата – анасының қарауынсыз демалыс орындары мен ойын-сауық орталықтарында жүрген жасөспірімдерге құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары  жүргізіліп тұрады» дейді қалалық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Серік Қадыров.

Бүгінде жастардың NEET категориясына айрықша көңіл бөлінеді. Қоғамға қатыссыз не болмаса мемлекетке масыл сана қалыптаспас үшін жастардың осы тобын белсендірек болуға шақыру қажет. Сонымен қатар, бос уақытын тиімді өткізу үшін де жастарды қызықтыра білудің маңызы ерекше. Атыраулық жастар үшін маусымнан бастап ағылшын тілін тегін оқыту курсы жүріп жатыр. 14-29 жас аралығындағылардың білімге құштар, ел ертеңіне үлес қосар азамат болуы үшін өтерін тіл сабақтарын білікті мамандар өткізеді. Орталық қызметкерлерінің мәліметінде, қазіргі таңда English Club курсын 50-ден астам жас білім алып, тіл үйреніп жатыр.

Маңызды бағыттың енді бірі – жастардың әлеуметтік мәселелері. Проблемаларды оңтайлы шешу үшін де жүйелі әрі жоспарланған жұмыстар атқару шарт. Орталықта бұл бағыт бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру үшін бірнеше іс-шара ұйымдастырылған. Одан бөлек, Көрме орталығында «Жастар – еңбек биржасы» жобасы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткен. Оған жұмыс іздеген 1500-ге жуық азамат қатысып, жұмыс беруші мекемелердің өкілдерімен еркін сұхбат құрып, сұрақтарына жауап алып, түйіндемелерін тапсырған. Жәрмеңкеге жұмыс беруші 30-ға жуық мекеме қатысып, 200-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынған. Бүгінде Жастар ресурстық орталықтары мамандарының құзыретін арттыру, жастармен жұмысты жандандыру мақсатында «Жастар ісі академиясы» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жастар ісі бойынша халықаралық деңгейде танылған тәсілдерді енгізу үшін Еуропа кеңесі Жастар департаментінің тренерлер пулына кіретін халықаралық дәрежедегі арнайы тренер маманның және ұлттық тренерлер пулына кіретін отандық тренерлер жастар ресурстық орталықтарының 30 маманы оқытылып жатыр. Осының арқасында орталық қызметкерлерінің құзіреті артып, мамандар тұрақтанады деген жоспар бар.

«Қазір бәрі бар. Жоқ дүние жоқ. Барды ұқсатып, жоқты жамап, өз тіршілігін жасап жатқандар жеткілікті. Олар ешкімге алақан жаймай, өз кәсіптерін дөңгелентіп те жатыр. Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ХХІ ғасырдағы қазақ­қа қандай қасиеттер лайықты болуы керектігін әрдайым айтып келеді. «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттыр­са ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабі­лет дегеніміз – ұлттың ай­мақ­тық немесе жаһандық нарық­та бағасы, я болмаса сапа­сы жөнінен өзгелерден ұтым­ды дүние ұсына алуы. Бұл мате­риалдық өнім ғана емес, соны­мен бірге білім, қызмет, зият­керлік өнім немесе сапалы ең­бек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ға­сыр­ға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Ұлт жаппай еңбекқор болғанда ел еңсесі биіктейді. Ешкім ешкімге алақан жаймайды. Масылдық пиғыл жоғалады. Сондықтан халқымыздың «Масыл болма, асыл бол!» деген ақ батасы кез келген қоғам мүшесінің қаперінде болғаны жөн. Елбасымыз жариялаған жастар жылы – жиналып алып, ақ футболка киіп, айғайлап кететін жыл болмауы керек. Жастар жылы жастардың баспана, жұмыс мәселесін шешіп, бір қадам болсын нақты әрекет жасайтын жыл болуы қажет. Абай «Бірлік дегенде ақыл-ойға бірлік» дегенді айтады. Қазір ХХІ ғасырдың бастапқы кезеңіндеміз. «Еліміздің болашағы қандай болады?» деген сұрақ жастардың көкейінде тұрған мәселе деп айтуға болады. Осы орайда, қазақтың білімді, жоба жасай алатын жастарының «ақыл-ой бәйгесін» ұйымдастырып, үлкен бір шараны қолға алса дұрыс болар еді. Ақыл-ойдың жарысы деген – ұлтты біріктіретін үлкен мәселе. Сол себепті жастар жылына кешенді жобалар жасалып, жүйелі жұмыс істелінетін болса, жылдың қайырымы да, қайтарымы да жақсы болады деп ойлаймын» дейді Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп.

Соңғы жарияланымдар

Черчесов қызметінен кетеді

Футболдан Қазақстан 🇰🇿 ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов жаңа президенттің шешімімен қызметтен кететін болыпты. Орнына 2 қазақстандық және 2...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз