Бір топ эксперт және блогерлерден құралған топ Шымкент және Түркістан қалаларындағы 50 жалпы білім беретін мектептің 5-11 сынып оқушылары оқып жатқан «Көшбасшылық академиясының» жұмысымен танысуға барды.

«Болат Өтемұратов» қорының қолдауымен ашылып отырған “Jas Leader Akademiiasy-ның” философиясы – көшбасшылық. Бұл оқушыларға болашақта өз өмірлеріне және басқалардың өміріне өзгерістер енгізуге және олар үшін жауапкершілік алуға мүмкіндік беретін қасиеттерді қалыптастыратын дағдылар мен құндылықтардың жиынтығы.

Оқушыларға қарым-қатынас, сыни ойлау негіздерін, көпшілік алдында сөйлеу және келіссөз жүргізу дағдыларын тиімді пайдалану үйретілуде.

Көшбасшылық өзін басқа адамдармен қарым-қатынаста көрсетеді, сондықтан бағдарлама аясында біз балаларда келесідей дағдыларды дамытамыз:
* командада жұмыс істеу;
* көпшілік алдында сөйлеу және презентациялар;
* жанжалдарды шешу;
*өзіне және командаға мақсат қою;
* креативтілік;
* тайм-менеджмент және т. б.

Жобамен танысқан арнайы топпен бірге барған блогер Алтынай Хан «бұл бағдарлама оқушылардың сыни ойлауын дамытуға, өз ойын ашық жеткізуді үйретуге таптырмас құрал» дейді.

«Оқушы “қателесіп қалсам ше?”, “мұғалім төмен баға қояды” деген ойлардан сескенбей өз ойын ашық білдіре алады. Осы тұста сынып арасында түрлі дискуссиялар, талқылаулар пайда болады. Топтық жұмыс кезінде бала өзгенің пікірімен санасып, өз позициясын ұстануды, өзара лидерді анықтауды практика жүзінде көреді» – дейді Алтынай.

Айта кетейік, Болат Өтемұратов қоры 2014 жылдың басында құрылған. Қордың миссиясы-денсаулық сақтау, білім беру және мәдениетті дамытуға жәрдемдесе отырып, Қазақстанға бүгін және болашақта адамдардың өмірі үшін үздік орынға айналуға көмектесу.

«Көшбасшылық академиясы» бағдарламасына алдағы бес жыл ішінде Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Алматы облыстары қосылады деп жоспарлануда.