Таиландтың Пхукет аралында 30 жастағы Қазақстан азаматы қауіпті жол оқиғаларын жасап, кейін полициядан қашуға әрекеттенген, деп хабарлайды Jas.kz ZTB NEWS телеграм каналына сілтеме жасап.
Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, әйел бірнеше сағат бойы MG маркалы автокөлікпен жолдарда бейберекет жүріп, жеңіл көліктер мен мотоциклдерге соқтығысқан. Оның әрекеті жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндірген.
Ескі әуежай жолы ауданында оның көлігі шағын автобус пен мотоциклге соғылған. Салдарынан екі адам зардап шеккен.
Тәртіп сақшылары күдіктіні бірден тоқтата алмаған. Әйелді ұстау үшін полицейлер автокөліктің әйнегін сындыруға мәжбүр болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, әйел бұған дейін де осыған ұқсас оқиғаларға қатысқан. Сондай-ақ оқиға кезінде оның жеке өміріндегі мәселелерге байланысты ауыр эмоциялық күйде болғаны болжанып отыр.
