Қазақстанда тұңғыш қазақ тіліндегі Mynbala TikTok House ашылды

416

Қазақстанда тұңғыш рет толық қазақ тіліндегі тикток хауз – Mynbala House ұжымы өз жұмысын бастады. Жобаның қатысушыларын іріктеу үшін Mynbala командасы еліміздің барлық өңірін аралап, ауылдар мен қалаларда кастинг ұйымдастырған. Мыңнан астам өтініш ішінен түрлі өнерге қызығып, шығармашылықпен айналысып жүрген 20 бала таңдалып алынды. Олар енді Алматы қаласында өнерін шыңдап, қазақша контент әзірлеумен айналысады.

MynBala – еліміздің түкпір-түкпірінен талантты жастарды жинауға бағытталған республикалық деңгейдегі жоба. TikTok платформасының, кәсіби менеджменттің және тәжірибелі digital-креаторлардың көмегімен MYNBALA House командасы әлемге дарынды қазақстандық жастардың әлеуетін паш етуге ұмтылады.

«Жобаның басты мақсаты – қазақтың шығармашыл жастарын қолдау, әлеуметтік желіде қазақ тілді контенттің, оның ішінде қазақ тілінің мәртебесін арттыруға және дәстүрімізді, салтымызды, бірлігімізді насихаттауға бағытталған видеолардың көбірек шығуына жағдай жасау. Себебі желіде құр уақыт өткізуге құрылған контенттер басым түсуде.

Жоба әлеуметтік сипатқа ие. Бұл тұрғыда қолдау көрсеткен Astana IT University екенін атап өткім келеді. Арамызда Ұлытау, Абай, Жетісу, Батыс Қазақстан, Түркістан, Павлодар облыстарынан, Жаңаөзеннен, Тараздан, Қарғандыдан, Қызылордадан, Екібастұздан балалар бар.

Біз дарынды жастың қаржылық қиындықтарға, қоғамның қабылдай алмауына және өзге де өмірлік жағдайларға қарамастан топ жарып шығатынын шынайы үлгімен дәлелдеп, көрсеткіміз келеді», – деп атап өтті идея авторы, жобаның жетекшісі Самал Ибраева.

“TikTok House қазақ тілінде болғандықтан, қатысушыларын аймақтардан, ауылдардан жинағандықтан «Мыңбала» деген ат таңдалған. «Мыңбала» сөзі нақты санды емес, мықты балалардан құралған топты, біріккен күшті білдіреді. Екіншіден, «Мыңбала» сөзінде тарихи мән және қазақы бояу бар” – дейді жобаның авторы.

MynBala командасына Түркістан облысынан қосылған 18 жастағы студент Нұрбол Құралов жоба оның өзі қызығатын мобилография бағытында шыңдалуына мүмкіндік беріп жатқанын айтты.

«Мені Mynbala жобасының ұстанған бағыты, мақсаты қызықтырды. Мамандығым филолог болғандықтан тіліміздің, дәстүріміздің бояуын көрсететін контенттер жасауға үлесімді қоса алам деп сенем. Мобилографияға қызыққандықтан, жобаға басынан қосылып, өңірлерге кастинг өткізуге баруға мүмкіндік алдым. Ауылдарды аралап, алуан түрлі өнерді меңгерген, нақты мақсаты бар балаларды кездестірдік. Біразы мен сияқты Mynbala командасына қосылды», – деп пікір білдірді Mynbala House мүшесі Нұрбол.

MynBala House кастингінен өткен Жетісу облысының тумасы Зеңгір Рахатқызы музыкалық театр әртісі мамандығында оқиды.

«Жобаның кастинг тобы біздің университетімізге келіп арнайы іріктеу өткізді. Гитарада ән айттым, әртістік қабілетімді көрсеттім. Қазір өзге өңірлерден келген қатысушылармен бірге қазақ тілінде мазмұнды контент жасауды үйреніп жатырмыз. Бұл ортада қазақтың тілін, дәстүр-ғүрпымызды жақсы білетін және осыны үйренуге талпынысы бар жастар жиналған. Бір-бірімізбен тәжірибемізбен бөлісіп, басқа да мамандардан сабақ алып, жан-жақты дамимыз деп сенем», – дейді Зеңгір.

Айта кетейік, әлемде қолданушыларының саны 1 млрд-тан асып үлгерген TikTok компаниясы жақында Қазақстанда өз өкілдігін ашатынын мәлімдеген еді. Себебі бұл әлеуметтік желі біздің елімізде қарқынды дамып, түрлі бағыттағы контент жасаушылар көптеп шыға бастады.