ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Мажарстан ұлттық комиссары Нандор Картесзидің айтуынша, қазақтардың басты артықшылығы — отбасы құндылықтарын бағалай білуі. Еуропада адамдар арасындағы ондай туыстықты көрмейсің, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстанда маған бір нәрсе ұнайды. Ол — жергілікті адамдардың отбасы құндылықтарын бағалай білуі. Бұл жағынан мажарлықтар қазақтарға ұқсайды. Алайда Шығыс Еуропада олай емес. Ол жақта ата-аналар өз балаларына көмектеспейді. Баласын өсіріп жеткізеді де «Енді, өз наныңды өзің тап!» деп жібере салады, бір сөзбен айтқанда баласының шаруасына араласпайды. Ал қазақтар болса, отбасының бірлігін қатты сақтайды. Сосын өз туыстарына ылғи көмектесіп отырады», — деді Картесзи журналистерге берген сұхбатында.
Комиссар жұбайының осы жақтағы бір құрбысын еске алды. Оның айтуынша, қазақтың келіншегі тұрмысқа шығып, бала тапса да,баспананың болмағанына еш алаңдаған жоқ. «Біз айтамыз, Мәдина, енді қай жерде тұрасың? Отбасың бар, балаң бар. Баспана керек қой. Ол еш қиналмайтынын, баспана алғанша ата-аналарының қолында, я болмаса, туған-туыстардың үйінде тұра беретінін жеткізді. Сол кезде мен қазақ халқының осы бір ұлттық қасиетіне шын жүректен риза болдым», — деп атап көрсетті комиссар.
Нандор Картесзидің Қазақстанға келгеніне бес жылдан асты. Содан бері Астанаға да, жергілікті халыққа да бауыр басып қалды.
«Мына жақта менің қызық дүниеге келді. Сондықтан Астана мен үшін ыстық. Мен осы жердің аязына да үйреніп алдым. Биыл қыста Будапештте қар жауды. Сонда туыстарым қоңырау шалып, ауа температурасының -15 градусқа дейін түсіп кеткенін айтып, байбалам салды. Мен оларға бұл түк те емес, Астанада -30 градус суық деп айттым», — дейді мажар бауырымыз.