Дәстүрлі өнер байқауының жеңімпаздары марапатталды

30

Республикалық «Рухани жауһарлар» атты дәстүрлі әншілер мен термешілер байқауы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды. Байқаудың жабылу рәсіміне қатысқан қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан орын алған азаматтарды жеңістерімен құттықтап, жүлделер тапсырды.

— Қазақтың дәстүрлі әншілік өнерінде 6 мектеп бар болса, соның ішінде Оңтүстік өңірінің де өзіндік өрнегі бар. Осы өнерді өскелең ұрпақтың бойына дарытып, осындай байқаулар арқылы насихаттап отыру — біздің міндетіміз. Өнер сайысына еліміздің түкпір-түкпірінен небір талантты жастар келіп қатысты. Олардың өнерін бағалаған әділ қазылар алқасы да кіл мықтылар. Қазақ барда оның ұлттық ән дәстүрі өлмек емес, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Сонымен, 2 күнге жалғасқан сайыс нәтижесінде дәстүрлі ән бойынша А.Ермекбаева, Ә.Бекниязов, Б.Нуриддинұлы, Б.Айтахметов, Н.Жуасбеков арнайы номинацияның иегерлері атанды. Осы ән дәстүрі байқауында ІІІ орынды А.Дәуен, ІІ орынды А.Сағындық, І орынды О.Жаңабаев ұтып алса, бас жүлде Қ.Сынабайға бұйырды.

Терме сайысында А.Рустамов, Д.Рахман, Ж.Жәнібек, А.Қонысбаева, Ж.Оспанқұлов арнайы номинациялық жүлделермен марапатталды. Терме айту жарысынан ІІІ орын К.Түрікпен, О.Құлсымақов, ІІ орын Ә.Мырзағалиев, Б. Көштаев, І орын Е.Құрасбек еншісіне тисе, гран-при жүлдесімен Р.Ахинбеков марапатталды.

Өнер додасы марапаттау рәсімінен соң дәстүрлі әншілердің қатысуымен өткен гала-концертке ұласты.

«Шымкент келбеті»- Әнуар ЖҰМАШБАЕВ,
фото: Серік ҚОСАЕВ