Қазақстанның Бас прокуратурасы әлеуметтік желілерде қоғамда алауыздықты қоздыруға бағытталған арандатушылық сипаттағы жарияланымдар мен пікірлердің таралуына байланысты азаматтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Jas.kz.
Ведомствоның мәліметінше, мұндай әрекеттерге жол берілмейді және олар үшін заңнамада қатаң жауапкершілік қарастырылған.
Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай 2 мыңнан 7 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, сондай-ақ 2 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген.
Сонымен қатар, Қазақстанда онлайн-платформаларда құқыққа қайшы контентті жариялауға және таратуға тыйым салынған. Егер мұндай әрекеттерде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-1-бөлігіне сәйкес 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Бас прокуратура азаматтарды ақпараттың шынайылығын мұқият тексеруге, қоғамда алауыздық туғызуы мүмкін материалдарды жарияламауға және таратпауға шақырды. Сондай-ақ жалған ақпаратты жариялағаны және таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік, ал көрінеу жалған ақпарат таратқан жағдайда Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны ескертілді.
Ведомство мұндай жарияланымдардың авторлары ғана емес, оларды әдейі таратқан адамдар да заң алдында жауап беретінін атап өтті.
Бас прокуратураның мәлімдеуінше, құқық қорғау органдары «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қол сұғатын құқық бұзушылықтардың жолын кесу және алдын алу бойынша заңда көзделген барлық шараларды қабылдайды. Сонымен қатар қазақстандықтарды арандатушылыққа ермеуге, тексерілмеген ақпаратты таратпауға және қоғамдық келісім мен өзара сыйластыққа нұқсан келтіруі мүмкін жарияланымдардан бас тартуға шақырды.
