ЕXPO — 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астанада өткен Атырау облысының күндері аламан бәйгемен қорытындыланды.
Бәйге түрлерінен республикалық EXPO — 2017 кубогы деп аталған шарада құнан жарыс, жорға және аламан бәйге ұйымдастырылды.
Елорда төрінде өткен бәйгеге жалпы саны 105 жүйрік қатыстырылды. Соның ішінде 21 жорға, 32 құнан бәйгеге қатысса, аламан бәйгеде 62 жүйрік бақ сынады. Республикалық жарысқа еліміздің 14 облысы мен Астанадан, Алматыдан келген шабандоздар қатысты. Жарыстың жалпы жүлде қоры 55 млн теңгені құраған.
Алдымен «Қазанат» ипподромына еліміздің түрлі өңірлерінен келген жас тұлпарлар шықты. Жүйірік құнан мінген жасөспірімдер 7 шақырымдық бәйге жолына шықты. Құнан бәйгесіне Атыраудан — 4, Алматы қаласынан — 5, Астанадан — 4, Ақмола облысынан — 4 құнан, өзге облыстардан тиісінше бір-екіден сәйгүліктер қатыстырылды. Бес айналымнан тұратын бәйгеде Жамбыл облысы, Қордай ауданының шабандозы Ділмұхамед Жолаушы мінген құнан көмбеге бірінші болып жетті. Сөйтіп, жарысты ұйымдастырушылар бәйгеге тіккен 7 млн теңгені олжалады. Екінші орынға ие болған қарағандылық Айхан Төлегеновке 4 млн, үшінші болған Асхат Әлімжанға 2,5 млн, төртінші келген жамбылдық Азат Әбиірге 1 млн, алғашқы бестікке кірген алматылық шабандоз Жұматай Ақжолға 500 мың теңге сыйлық берілді.
Әр жарыстың арасында теңге ілу, жамбы ату сынды ұлттық спорт түрлерінен сахналық көріністер қойылған жарыстың келесі бөлігі жорға бәйгесіне арналған еді. Кілең төкпе жорғалар қатысқан бәйгенің қашықтығы 5 шақырымды құрады. Жиырма бір жорға тайпала жарысқан бәйгеде қарағандылық Айхан Төлегенов бас жүлдені иеленіп, бәйгеге тігілген 3 млн теңгені олжалады. Осы тұста бұл шабандоздың құнан бәйгесіне де қатысып, екінші орын алғанын айта кеткен жөн. Қатарынан екі бәйгеге қатысқан шабандоздың төзімділігіне жанкүйерлер қол соқты. Ал жорға жарысының екінші орны шығысқазақстандық Виталий Рерихке бұйырып, оған жарысты ұйымдастырушылар 1,5 млн теңге тапсырды. Үшінші орын алған ақмолалық шабандоз Дмитрий Волков 1 млн, төртінші орын алған алматылық Жарылқасын Сабазбеков 700 мың, бесінші орын алған астаналық Е.Чибисов 500 мың теңге сыйлыққа ие болды.
Ал EXPO — 2017 кубогы үшін ұйымдастырылған жарысты аламан бәйге түйіндеді. 21 шақырым қашықтыққа жалпы саны 62 тұлпар жіберілді. Олардың тек қырықтайы ғана белгіленген 21 шақырым қашықтықты толық шауып өтіп, көмбеге жетті. Аламанда Алматы облысының шабандозы Диас Жұмаш топ жарып, бас бәйгеге тігілген 13 млн теңгені олжаласа, екінші болып тағы да Алматы облысының жүйрігі келді. Оны мінген Ербол Замудинұлына 7 млн теңге берілсе, үшінші орын алған павлодарлық Ибрагим Бөбекбайға 5 млн теңге, төртінші келген Алматы облысының шабандозы Дінмұхамед Бөбекбайға 3 млн теңге, бесінші орын алған Кирилл Застежкоға 2 млн теңге сыйлыққа ие болды.
Саятшылар құстарын, аңшылар тазылары мен төбеттерін таныстырып, каскадерлар театрландырылған көрініс қойған, сөйтіп ат десе делебесі қозатын жанкүйерді шат-шадыман күйге бөлеген жарыстың соңында жеңімпаздар мен жүлде алған шабандоздарға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ақпарат және байланыс министрі Дәурен Абаев, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтар ие болған бәйгелерін тапсырып, марапаттады.