Бүгінде көлікке тек ер азаматтар емес, нәзік жандардың да қызығатыны белгілі. Бірі көлікті жүріп-тұруына пайдаланып, біраз шаруаның басын шешсе, енді бірі – көріктілік үшін, тіпті соңғы үлгідегі тұлпарлардан коллекция жинақтайтындар да бар. Осы тұрғыда еліміздегі ең қымбат көліктердің тізімін назарларыңызға ұсынамыз.
Бұл тізімді 2021 жылғы қара түсті BMW M8 бастап тұр. Иесі көлік үшін 85 миллион теңге сұрап отыр. Мұндай қаржының кімде бар-жоғын білмедік. Алайда қарапайым жан осындай темір тұлпардың иесі атану үшін 141 жыл бойы 50 мыңнан жинаса, қол жеткізе алады.
Осы ақшаға тағы үш миллион қоссаңыз, алтын түстес Audi RS Q8 көлігін сатып алуға болады. Былтыр шыққан көлікте 600 аттың күші бар.
2021 жылғы Range Rover – 92 миллион теңге. Көлік бар-жоғы 200 шақырым ғана жүрген. Ал егер қымбатсынсаңыз, осы ақшаға бірнеше Toyota Camry сатып алуға болады.
Ал мына ретрокөлік 30 миллионға қымбатырақ бағаланған. Иесінің айтуынша, раритетті көлік 1946 жылы шыққан. ТМД елдерінде тек 1 данасы ғана бар.
2010 жылғы Lamborghini Gallardo – 120 миллион теңге. Көлік моторының көлемі – 5,2. Атмосфералық моторы компресорсыз жабдықталып, 560 аттың күші бар.
Екі мың шақырым жүріп тастаған көлік болса да, бағасы өте қымбат. Maybach GLS 600 – 130 миллион теңге.
Ал тізімнің екінші орнына екі көлік таласып тұр. Екеуінің де бағасы – бір, 135 миллион теңге. Оның бірі – 2021 жылғы Bentley Continental GT. Екіншісі – Mercedes-Benz. Моделі SLS AMG деп аталады. Көлік 2010 жылы шыққан. Иесінің сөзінше, мұндай тұлпар да ТМД елдері бойынша біреу-ақ. Спорттық көліктің өзі карбоннан жасақталған. Тіпті, тежегіштің өзі керамикадан жасалған.
Бұл тізімнің жеңімпазы – Rolls-Royce Cullinan. Оның бағасы – 269 миллион теңге. Қазіргі доллар бағамымен бағаласақ, бұл көлік жарты миллион доллар тұрады. 2020 жылғы көліктің біздің елдегі иелері – ерлі-зайыпты блогер Ербол және Самал Жанболовтар. Көлік ішіндегі кілемшенің өзі 5 миллион теңге болса, бампері – 7 миллион теңге.
Дереккөз: Elorda.info .