22 сәуір күні Түркістан облысындағы Арыс–Шардара автожолында ірі жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды Jas.kz Otyrar телеграм каналына сілтеме жасап.
Chevrolet Cobalt жеңіл көлігі мен КамАЗ жүк көлігі соқтығысқан.
Салдарынан жеңіл көлікте отырған үш жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Ал Chevrolet Cobalt жүргізушісі мен тағы бір жолаушы түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Алдын ала мәлімет бойынша, көлікте жаттықтырушы мен жарысқа Түркістанға бара жатқан кәмелетке толмаған спортшылар болған.
Сонымен қатар, балаларды тасымалдау туралы уәкілетті органдарға, оның ішінде полицияға алдын ала хабар берілмегені анықталды.
Жүк көлігінің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.
Аталған факті бойынша балалардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігі талаптарының сақталмауына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қорытынды бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады. Қосымша ақпарат жария етілмейді.
