Жетісу өңірінде «Орбұлақ шайқасының ізімен» атты ақпараттық квест өтті. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Алматы облысында өткен шараға Орбұлақ шайқасын зерттеп жүрген бір топ азаматтар қатысты.
Атап айтсақ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Жазылбеков, Орбұлақ шайқасы негізінде жазылған «Воскрешающие легенды» атты романның авторы Т.Ермашев, «Табиғат» эко-бірлестігінің, Қазақстандық караванинг пен кемпингтің төрағасы Б. Шапагатова, «Ауылды көтереміз – Возродим село» қоғамдық бірлестік төрағасы К.Жанабилов, ғалымдар, жазушылар, белгілі журналистер мен республикалық блогерлер топ құрамында болды.
Ел есімінде мәңгі қалған Орбұлақ шайқасы туралы толыққанды ақпаратты белгілі жазушы, «Алаш» халықаралық премияның лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иесі Бексұлтан Нұржекеев таныстырды. Қатысушылар Орбұлақ шайқасы болған орындарды, Жетісу өңірінің этнотуризмімен және тамаша табиғатымен танысты.
Алматы облысының ішкі саясат басқармасының қолдауымен 2017 жылдың 22 шілдесінде «Қазақ Елінің тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін, жоңғар басқыншыларымен шайқаста жеңіске жеткен айбынды қазақ сарбаздарына ұрпақтары атына» атты жазбасы бар арнайы тасбелгі Белжайлауда орнатылды. Ескере кететін бір жайт, тасбелгіге орнатылған QR-код пайдалану арқылы «Орбұлақ» шайқасы туралы жайлы егжей-тегжейлі ақпарат алуға болады.