Қазақстанда еріктіліктің қарқынды дамып жатқанына қарамастан, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының 2018 жылғы зерттеулеріне сәйкес, жас азаматтардың 82,6 % еріктілікпен айналыспағандығы анықталған. Әр бесінші жас волонтерлік туралы ешқашан естімеген екен. Әйтсе де, жастар еріктіліктің тұлғалық қалыптасудағы ролін түсіне бастағаны айқын. Бұған дәлел – 2017 жылы өткізілген Халықаралық ЕХРО 2017 көрмесі мен Қысқы Универсиада ойындарында қызмет көрсеткен 8000-нан астам жастардың қамтылуы.
Сонымен қатар, еліміздің әр қаласында қарттар, жетімдер, әлеуметтік осал топ отбасылары, апат құрбандары және өзге де жәрдем қажет ететін қоғам мүшелеріне көмек көрсететін жастар ұйымдарының саны жыл сайын артып келеді.
Еріктілер нақты немен айналысады? Неге олар тегін жұмыс істеуге әзір? Бұл сұрақтарға Алматы еріктілер лигасының мүшесі Айжан Мамеш жауап берді. Ол «Еріктілер лигасына» жан қалауымен кіріп, қазір істеп жатқан жақсылықтарды қоғамның әр мүшесі атқаруы керек деп есептейді.
—Айжан, еріктілер лигасына қосылудың белгілі бір себебі бар ма?
—Ерікті болу дегеніміз – қоғамға қажет екеніңді сезініп, адамдарға пайдаңды тигізу. Сол арқылы білімің мен икемділігіңді үнемі жетілдіріп отыру. Еріктілер деп кез келген істі өз еркімен, ешкімнің мәжбүрлеуінсіз, шын көңілмен атқаратын жандарды айтады.
Алматының «Еріктілер Лигасы» 2014 жылы құрылған. Құрамында ресми түрде 10 мыңға жуық ерікті тіркелген. Оның 80%-ін жастар қауымы құрайды. Лига бес бағыт бойынша қызмет атқарады. Атап айтқанда, әлеуметтік, денсаулық, білім, экологиялық бағыт және өз-өзін дамыту салалары бойынша жұмыс істейді.
Лигада жас ерекшеліктеріне де шектеу қойылмайды екен. Құрамында мектеп оқушысынан бастап үлкен азаматтарға дейін тіркелген. Сонымен қатар, бұл ұйым қаладағы 14 жоғары оқу орындарымен қарым-қатынас орнатқан.
Еріктілердің арқасында ел қызығатын, көпке үлгі болатын, халыққа тигізетін пайдасы зор игілікті істер өркен жайып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Сондай істердің бірі – Алматыда өткен бүкіләлемдік Қысқы Универсиада. Студенттер арасындағы дүниежүзілік спорттық сайыстың Алматы қаласында өтуі, Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихындағы елеулі оқиға еді. Бұл ретте елімізде өткен дүниежүзілік жарыста «Еріктілер Лигасының» еріктілері өз жұмысына аса үлкен жауапкершілікпен қарап, оның әлемдік деңгейде өтуіне өз үлестерін қосқан екен.
ЕХРО 2017 көрмесінің еріктілер командасына қосылуына жасымның сәйкес келмеуіне байланысты қатыса алмадым. Содан еріктілер лигасына кіруге шешім қабылдадым.
—Еріктінің басты міндеті қандай?
—Әр еріктінің басты міндеті – шын ниетпен көмектесу. Өзгеге жақсылық істеу. – адам табиғатына тән нәрсе. Оның үстіне халқымыз кашанда кайырымдылықтан кенде болмаған, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Бұл қасиет оның болмысының ажырағысыз құрамдас бөлігі болса керек. Мысалы, бұрын ауыл-аймақта көрші-қолаң жиналып, мұқтаж жанға қолдарынан келгенше көмек көрсетіп, асар істеген. Сондықтан қазір ерікті болу таңғаларлық іс емес.
Көмек көрсету – біздің қанымызда бар. Бас координаторлардан келген тапсырмаларды еріктілер орындайды. Мен командада болғандықтан әр шараға міндетті түрде қатысуға тырысамын. Наурыз айынан бастап Алматыда ауқымды жобалар ұйымдастырылды. Соның ішінде мен үшін ең қызық жоба жыл сайын ұйымдастырылатын – Алматы марафон.
Әр жоба форматына қарай қызық. Мен бұл әлемді жақсылық істеуге шақырғым келеді. Үйде жатқанша қоғамға пайдалы болу – басты мақсат. Иә, еріктілер тегін жұмыс істейді, ақы сұрамайды. Олардың істеп жатқан істері көзге көрінбеуі де мүмкін. Бірақ еріктілер қоғамға керек. Әркімді бір жамандап, көмек күткенше оны өзін істеуге тырысу да үлкен ерлік. Біз көбіне балалар мен қарттар үйіне жиі-жиі барып, қолымыздан келгенше көмек көрсетеміз.
—Мемлекет тарапынан еріктілерге қолдау бар ма?
—Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылды – еріктілер жылы деп жариялады. Лигада ішкі ереже бар. Ерікті түнге қалса тегін жеткізіп тастау, 4 сағаттан аса жұмыс болса тағамын беру бар. Бірақ біздің басты мақсатымыз — адамдардың бір-біріне барынша жанашыр, мейірімді болуына түрткі болсақ дейміз.
Студенттер енді еріктілер саны артатынына сенімді. Президент оларды әлеуметтік бағыттарға тарту үшін ақы төлеуді тапсырды. Министрлік бір сағаттық жұмыс 1000 теңге қылып белгіледі. Бұл еріктілер үшін үлкен көмек. Жақсылық істеуге үлкен мотивация болады. Әр жобадан кейін 80% жаңа достар табасын. Командада әр еріктінің ерекшелігі болады. Бірақ бәрімізді жақсылық істеу байланыстырады. Ерікті болғанға дейін саусақпен санарлық достарым ғана болған. Қазір олар өте көп әрі әр кез көмектесуге дайын тұрады.
Еріктілер лигасы – кішкентай жанұя. Бастысы ешқашан жақсылық істеуден жалықпайтын, әлемді мейірімді болуға үндейтін орта. Ал адам ортасына қарай өзгереді.
—Ерікті болу — қандай мүмкіндіктерге жол ашты?
—Ең алғаш ерікті болып келгенімде бірінші жасаған қадамым — Арбатта балаларға тәттілер таратуым. Бұл да бір қызық оқиға болды. Сол кезде өзіме «Болашақта балаларды қуанту» деген бір мақсат қойдым.
Жақында мақсатымның алғашқы қадамын да істедім. «Стань старшим другом» атты өз жобамды бастадым. Бұл жобаның бас міндеті — «Балалар үйіндегі балаларды бақытты ету». Шілде айында №1 балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді музейге апардым. Бойымда қорқыныштың болғаны рас. Себебі бұл жобамның боларына дейін қаншама мекемеге жүгіріп, мектеп оқушысы болғандықтан бұндай жауапкершілікті сенім артып бере алмаған сәттер де болды. Артқа шегініп, бастаған ісімді аяқтағым келмей, жылаған кездер де басымнан өтті. Бірақ табандылық пен еңбектің арқасында жобам іске асырылып жатыр.
Күні бойы балалар үйінің тәрбиеленушілерімен уақытымды өткізу арқылы мен бар шаршағанымды ұмытып кеттім. Балалардың қуанышты жүздерін көргенде, мақсатым айқын болғанын түсіндім. Бұл тек бастамасы, алда талай қадамдар болады. Еріктілер лигасының командасында болу арқылы мен болашағыма маңызды қадамдар істей бастадым.
—Еріктілерге қоғамда көзқарас қандай?
—Қоғам еріктілердің арқасында ауқымды жобаларды іске асырып жатыр. Ал адамдар оны түсіне бермеуі мүмкін. Шетелде ерікті болу таңғаларлық іс емес. Екінің бірі жақсылық істеуге дайын тұрады. Концерттер, марафондар ұйымдастыру барысында бізді балағаттап, координаторларымызбен ұрсысып, біраз түсініспеушілік болса да болашақта ерікті болуға әр адам ұмтылады. Мен бұған сенемін. Өйткені жақсылық істеу қиын емес. Қоғамды жамандай бергенше, сол қоғамның бөлшегі адамдар жақсылыққа ұмтылуы керек.
—Сұхбатыңызға рахмет!