Қазақстанда терроризмге қарсы операция режимі тоқтатылып, террористік қауіп деңгейі төмендеді, деп хабарлады Almaty.tv.
«Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штаб 2022 жылдың 26 қаңтары сағат 00.00-ден бастап Алматы, Жамбыл облыстары мен Алматыда терроризмге қарсы операция режимінің және террористік қауіптіліктің шекті «қызыл» деңгейінің тоқтағаны туралы хабарлайды», — делінген ҰҚК хабарламасында.
Осы уақыттан бастап бұл өңірлерде террористік қауіптің жоғары «қызғылт сары» деңгейі белгіленеді.
Нұр-Сұлтандағы терористік қауіптің жоғары «қызғылт сары» деңгейі және Батыс Қазақстан облысындағы орташа «сары» деңгейі сақталады.
2022 жылдың 26 қаңтары сағат 00.00-ден бастап Қарағанды облысының Балқаш қаласында және Солтүстік Қазақстан облысында террористік қауіптің бірқалыпты «сары» деңгейі тоқтатылады.
Қолданыстағы шектеулер бойынша жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар мен оған қатысушыларды анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу жалғасады.
Қару мен жарылғыш заттарды табу мақсатында құқық тәртібі органдарына көліктердің жүріп-тұруына бақылап, оларды тексеруге рұқсат етіледі.