Мемлекеттік қызметкерлер күні мерекесіне орай Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті бірлесе ұйымдастырған «Тіл шебері – 2017» облыстық байқауы мәресіне жетті.
Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі облыс әкімдігінің 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына орай ұйымдастырылған байқауға үш тілді жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Байқаудың салтанатты ашылуында Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев құттықтау сөз сөйледі.
«Заманауи уақытта үш тілді меңгеру негізгі кілттердің бірі екендігін, үш тілді меңгеру, білу – бұл жаһандық әлемге жолдама», — деді аталған басқарма басшысы. Сондай-ақ, тілдерді білу жеке адамға ғана емес, қоғамның дамуына пайдалы екенін де баса айтты.
Екі бөлімнен тұрған байқаудың бірінші бөлімінде сайыскерлерге үш тілде эссе яғни шағын әңгіме жазу тапсырмасы, «Тұсаукесер» мен «Өнертаным» кезеңінің тапсырмаларын ауызша – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде орындау қажеттілігі жүктелді. Жарысқа барлығы 12 мемқызметкер қатысты.
Айта кетейік, үміткерлерді бағалау кезінде тілдерді меңгеру деңгейі, жауаптың мазмұндылығы мен ерекшелігі, үш тілде орфоэпиялық тұрғыдан таза сөйлеу және мемлекеттік қызметшілердің сахналық мәдениеті де назарға алынды.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Гүлжан Жұмабаева иеленсе, бірінші орынға Қаратал ауданы Үштөбе қаласы әкімдігінің бас маманы Азамат Мұхтарұлы лайық деп танылды. Екінші орынды облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Айлен Шынасылова алса, үшінші орын Мемлекеттік сатып алу басқармасының бас маманы Мадина Бершінбековаға бұйырды.
Байқаудың басты мақсаты – Қазақстан Республикасының тіл саясатын жүзеге асыру, бәсекеге қабілетті және кәсіби дамыған тұлға тәрбиелеу, үштілді еркін меңгерген жас мемлекеттік қызметшілерді қолдау.