Президенттің тапсырмасына сай колледждерде білім алу бойынша мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі хабарлады.
Биыл 120 мыңнан астам қазақстандық тегін техникалық және кәсіптік білім ала алады. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 25 мыңға көп.
Хабарламаға сүйенсек, биыл жоғары оқу орындарында білім алу үшін гранттар саны 5 мыңға артады, олардың 60%-ы техникалық мамандықтар бойынша бөлінеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, техникалық бағыттағы кадрларды даярлауға баса мән берілмек. Техникалық және IT салаларға арналған гранттар 40%-дан 60%-ға дейін ұлғайтылады. Батыс өңірлердің, Маңғыстау, Атырау облыстары мектептерінің түлектеріне грант бөлу мәселесі пысықталып жатыр. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметкерлердің, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің балаларына білім гранттарын беру мәселесі қарастырылатын болады», – деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.