Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас салынған бір қабатты кафеде газ-ауа қоспасының жарылысы болып, артынан өрт шықты, деп хабарлайды Jas.kz.
Оқиға туралы хабар түскеннен кейін 5 минут ішінде Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары оқиға орнына жеткен. Құтқарушылар жанған ғимараттан 8 газ баллонын сыртқа шығарып, 10-нан астам адамды аман алып шықты. Өрт толық сөндіріліп, үйінділерді аршу жұмыстары жүргізілді.
Алдын ала мәлімет бойынша, төтенше жағдай салдарынан 26 адам зардап шеккен. Оның ішінде 7 адам қаза тапты, олардың арасында 16 жастағы жасөспірім қыздар да бар. 13 адам Бурабай аудандық ауруханасына жатқызылды, 6 адам амбулаторлық бақылауға жіберілді.
«Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қосымша медициналық бригадалар жасақталды. Барлық қажетті ресурстар, оның ішінде мамандар, дәрі-дәрмек пен санитарлық авиация жұмылдырылды», – делінген хабарламада.
Жарақат алған бес адам ТЖМ реанимобильдерімен, Орталық медицина орталығы мен денсаулық сақтау басқармасының дәрігерлерінің сүйемелдеуімен Көкшетау қаласына жеткізілді. Тағы екі науқасты тасымалдау жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта зардап шеккендер облыстық ауруханада ем қабылдап жатыр, олардың жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Оқиға орнында облыстық жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Жағдайды Ақмола облысы әкімінің орынбасары мен ТЖД басшылығы бақылауда ұстап отыр. Өрт сөндіру бөлімшелері, құтқару топтары, медицина қызметкерлері, полиция және газ-техникалық инспекция тартылған. Санитарлық авиация мен реанимобильдер толық дайындыққа келтірілген.
Төтенше жағдайдың себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Ақмола облысының әкімдігі қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетілетінін хабарлады.
Айта кетейік, Ақмола облысы ТЖД базасында жедел желі ашылды: 8 (7162) 514-298.
