Семей қаласында жастарды баспанамен қамтамасыз ету үшін «Абай жастары» жобасы іске асырылады. Бұл жайлы қалалық мәслихат депутаты Еркебұлан Тұрсын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы Абай облысын құру туралы шешім қабылдап жергілікті халықтың ойын дөп басты. Енді көпшілік өңір жастарын толғандырған мәселелер шешімін тапса деп тілейді. Өкінішке қарай, жастардың басым бөлігі мемлекеттік қолдау шаралары туралы біле бермейді. Осыған байланысты, жастарға көрсетілетін қолдаулардың барлық түрлерін бір орталыққа шоғырландыруды және қалада жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін Жастар үйі ашылғаны жөн», — дейді Еркебұлан Тұрсын.
Оның айтуынша, жастарды тұрғын үймен қамтуға бағытталған бағдарламалар қажет.
«Біздің өңірде отбасы институты нығайып келе жатқаны қуантады. Сондықтан жеңілдетілген несиелер бойынша жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған «Абай жастары» өңірлік бағдарламасын жүзеге асыруды бастаймыз», — деді қалалық мәслихат депутаты.