2026 жылғы 27 сәуірде Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты сот үкімі жарияланды. Олар заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру айыптары бойынша жауапқа тартылған, деп хабарлайды Jas.kz.
Сот шешімімен Ерболат Жанабылов 2 жылға шартты түрде сотталып, мүлкі тәркіленді және пробациялық бақылау белгіленді. Ал Эльмира Толегенова 2 жылға бас бостандығынан айырылды, алайда кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жаза өтеу 2 жылға кейінге шегерілді.
Іс материалдарына сәйкес, блогерлер әлеуметтік желілер арқылы ұтыс ойындарын ұйымдастырып, қатысушыларды жаңылыстыру арқылы 247 млн теңгеден астам қаражат тапқан. Сыйлықтар өз қаражаттарына сатып алынады деп көрсетілгенімен, шын мәнінде олар қатысушылардың жарналары есебінен алынған.
Сот барысында айыпталушылар кінәсін мойындап, процестік келісімге келген. Олар келтірілген залалды өтеп, шамамен 250 млн теңге қайтарған.
Сот үкіміне сәйкес, заңсыз алынған табыстар мемлекет кірісіне өндіріліп, мүлік тәркіленеді. Үкім заңды күшіне енген жоқ, тараптардың оны апелляциялық тәртіппен шағымдану құқығы бар.
