Күрделі жөндеудің күрмеуі шешілді

1136

Талдықорғанда  жаңа оқу жылына дейін «Жетісу» футбол клубының жатақханасы, №20 мектептің жəне қазақ-түрік лицейінің ғимараттары жаңармақ. Осыған орай Алматы облыс әкімінің орынбасары Жақсылық ОМАР күрделі жөндеу жүріп жатқан білім және спорт нысандарын аралап, жұмыс қарқынымен танысып қайтты.

Бірінші болып орталық «Жетісу» стадионына бас сұқты. Орталық алаңның сапасы мен жүріп жатқан құрылыс­ты тексеріп, бірқатар тапсыр­малар берді. Сын-ескертпелер де айтты.

– Бірінші лига «Жетісу» командасының деңгейі емес. Облыс әкімі «Жетісу» командасына 1.5 млрд. теңге қаржы бөлді. Бұл бірінші лигадағы командалардың бюджетінен төрт есе артық. Сондықтан келесі жылы премьер-лигада өнер көрсетулерің керек. Сонымен қатар, стадионның тек алаңына ғана емес, айналасына да қараңыз­дар. Жазғы маусымда балалардың кешке футбол ойнауына мүмкіндік жасаңыздар, – деді Жақсылық Мұқашұлы.

Бұдан соң ҰБТ-дан орташа 106,6 балдық көрсеткіші бар № 20 лицейге барып, оқу орнының спортзалы таршылық ететінін көрді. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтау керектігін алға тартты. Лицейдің құрылысымен 105 адам айналысуда. Әзірге жұмыс қарқыны жақсы. «Тамыз айында оқушылар су жаңа нысанда оқиды», – дейді құрылысшы мамандар.

Осыдан кейін № 19 мектепке барып, күрделі жұмысты талап ететін үйірме залын көріп қайтты. Оқу жылын 280 баламен тамамдаған үйірмеге мектеп оқушылары мен мүмкіндігі шектеулі балалар қатысады. Мектепте шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, би, ән, домбыра, футбол, театр үйірмелері жұмыс істейді. Сонымен қатар, математикадан қосымша сабақ өтеді. Бүгінде дайындыққа әр ауданнан келген оқушылар көп. Жақсылық Мұқашұлы: «Біздің болашағымыз осы жастар. Сондықтан оларға барлық жағдай жасауымыз керек. Сіздер соған атсалысыңыздар. Балаларды үйірмеге тартыңыз­дар», – дей келе, ғимараттың құрылысы шешімін табатындығын айтты.

Келесі кезекте Жақсылық Мұ­қаш­ұлы қазақ-түрік лицейіне барды. Ол мұнда жұмыстың баяу атқарылып жатқандығын көріп, құрылысшылар саны мен жұмыс сапасын арттыру керектігін айтты.

– Мына қарқынмен жаңа оқу жылы басталғанша мектеп құрылысын бітіре алмайсыздар. Қазақ-түрік лицейінің 3 ғимаратын жөндеуге алпыс адамды жұмылдыру аз. №20 лицейде бір ғимараттың өзінде 105 құрылысшы жұмыс істейді. Бірінші кезекте  – сапа, одан кейін уақыт.  Сондықтан жұмысшылар санын көбейтіп, күн-түн демей жұмыс істеу керек, – дей келе арнайы келіп тексеретіндігін айтты. Сондай-ақ, оқу ордасына білім сапасын арттыру керектігін ескертті.