
«Кубаньжелдормаш» – Ресейдің Краснодар өлкесінің машина жасау зауыты. «Кубаньжелдормаш» сонымен бірге – темір-терсекпен айналысатын мекеменің Facebook желісіндегі танымал парақшасы. Памперс пен косметика парақшаларына көзі үйренген оқырманды – машина жасау саласының будақтаған, түтіндеген, зырылдаған, шиқылдаған тарсыл-гүрсіл, қаңғыр-күңгір әлеміне бір сүңгітіп алатын ресурс. Әрі кеткенде кино кейіпкеріне болысып келген адамға енді – миллиметрлер жетпей қалған темір кесіндісін, бір бұрауы кем болттың уайымын қосып беретін бір бұрыш.
Кубаньжелдормаш: – Келісіп алайық, еш есімсіз, мекен-жайсыз.
jas.kz: – Жақсы. SMM-ді қалай бастадыңыз? Қоғам темір-терсек, фланец-торец, болт-шәйбі туралы тыңдауға әзір ме екен?
Кубаньжелдормаш: – Мен ақпаратты бірден «жеңіл проза» араластырып бердім ғой. Әйтпесе, терминдер мен шартты белгілермен көміп тастасаң ешкім оқымайды әрине.
jas.kz: – Сіз осы парақшаны жүргізер алдында машина жасау саласынан хабарыңыз болды ма? Саланың проблематикасына қалайша осылай, шебер бойлап кеттіңіз?
Кубаньжелдормаш: – Ойбай, келген жеріміз осы болды ғой… Мен осы зауытта жұмыс істеймін…
jas.kz: – Кешірім өтінемін. Мен бір жаңашыл бастық SMM-ші жалдап алды екен деп ойлаппын.
Кубаньжелдормаш: – Тіпті де олай емес. Мен әншейін бастадым да, ақыры періп кеттім. Жүргізіп келемін, жүргізіп келемін әйтеуір…
jas.kz: – Танымалдық бірдеңе әкелді ме? Саяси, басқалай пайдасы бар шығар әйтеуір? Шенеуніктердің шырғалаңы азайып, салалық несиелер бөлген кезде де құр қалдырмай…
Кубаньжелдормаш: – Біздің бастық несие алмайды…
jas.kz: – Ал саланың проблемасын жоғары жаққа жеткізуге пайдасы бар ма ең болмаса? Жергілікті, тіпті федералдық биліктің назары түсіп дегендей…
Кубаньжелдормаш: – Жоқ. Біздің шенеуніктер мен билік өздерінің Ресейінде өмір сүріп жатыр. Олардың машина жасау саласына түкіргені бар. Біздің шефті де оңдырмай қинайды.
jas.kz: – Темір-терсекке жақын еңбек адамын фотоға түсуге, ләм деуге, селфиге «сындыру» оңай ма? Жұмысшыларыңызды айтам?
Кубаньжелдормаш: – Жоқ. Зауытта барлығы тек жұмыс істейді, интернетке шамасы жоқ. Шын мәнінде, олар қатты шаршайды, ойын-күлкіге уақыттары жоқ.
jas.kz: – Рахмет!
Сұхбаттасқан: Ерлан Оспан