«Кубаньжелдормаш» — Ресейдің Краснодар өлкесінің машина жасау зауыты. «Кубаньжелдормаш» сонымен бірге — темір-терсекпен айналысатын мекеменің Facebook желісіндегі танымал парақшасы. Памперс пен косметика парақшаларына көзі үйренген оқырманды — машина жасау саласының будақтаған, түтіндеген, зырылдаған, шиқылдаған тарсыл-гүрсіл, қаңғыр-күңгір әлеміне бір сүңгітіп алатын ресурс. Әрі кеткенде кино кейіпкеріне болысып келген адамға енді — миллиметрлер жетпей қалған темір кесіндісін, бір бұрауы кем болттың уайымын қосып беретін бір бұрыш.
Кубаньжелдормаш: — Келісіп алайық, еш есімсіз, мекен-жайсыз.
jas.kz: — Жақсы. SMM-ді қалай бастадыңыз? Қоғам темір-терсек, фланец-торец, болт-шәйбі туралы тыңдауға әзір ме екен?
Кубаньжелдормаш: — Мен ақпаратты бірден «жеңіл проза» араластырып бердім ғой. Әйтпесе, терминдер мен шартты белгілермен көміп тастасаң ешкім оқымайды әрине.
jas.kz: — Сіз осы парақшаны жүргізер алдында машина жасау саласынан хабарыңыз болды ма? Саланың проблематикасына қалайша осылай, шебер бойлап кеттіңіз?
Кубаньжелдормаш: — Ойбай, келген жеріміз осы болды ғой… Мен осы зауытта жұмыс істеймін…
jas.kz: — Кешірім өтінемін. Мен бір жаңашыл бастық SMM-ші жалдап алды екен деп ойлаппын.
Кубаньжелдормаш: — Тіпті де олай емес. Мен әншейін бастадым да, ақыры періп кеттім. Жүргізіп келемін, жүргізіп келемін әйтеуір…
jas.kz: — Танымалдық бірдеңе әкелді ме? Саяси, басқалай пайдасы бар шығар әйтеуір? Шенеуніктердің шырғалаңы азайып, салалық несиелер бөлген кезде де құр қалдырмай…
Кубаньжелдормаш: — Біздің бастық несие алмайды…
jas.kz: — Ал саланың проблемасын жоғары жаққа жеткізуге пайдасы бар ма ең болмаса? Жергілікті, тіпті федералдық биліктің назары түсіп дегендей…
Кубаньжелдормаш: — Жоқ. Біздің шенеуніктер мен билік өздерінің Ресейінде өмір сүріп жатыр. Олардың машина жасау саласына түкіргені бар. Біздің шефті де оңдырмай қинайды.
jas.kz: — Темір-терсекке жақын еңбек адамын фотоға түсуге, ләм деуге, селфиге «сындыру» оңай ма? Жұмысшыларыңызды айтам?
Кубаньжелдормаш: — Жоқ. Зауытта барлығы тек жұмыс істейді, интернетке шамасы жоқ. Шын мәнінде, олар қатты шаршайды, ойын-күлкіге уақыттары жоқ.
jas.kz: — Рахмет!
Сұхбаттасқан: Ерлан Оспан