Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Ақмола облысына барып, өңірдегі бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты.

Ерлан Қошанов сапарын елордадан 30 шақырым жерде орналасқан Шортанды ауданы Бозайғыр ауылындағы колледж-мектеп-интернаттан бастады. Мұнда ауылшаруашылық машиналарын жасау, дәнекерлеу, қоғамдық тамақтандыру бойынша және ақпараттық технология саласына мамандар даярлайды. 445 орынға арналған бұл мекемеде бүгінде 148 адам білім алуда.

Мәжіліс Спикері колледждің материалдық-техникалық базасымен танысып, профессор-оқытушылар құрамымен, студенттермен және жергілікті тұрғындармен әңгімелесіп, түйткілді мәселелерді тыңдап, оны шешу жолдарын талқылады. Әңгіме барысында Мәжіліс Төрағасы еліміздегі бүгінгі ахуалға тоқталды.

– «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде жастарымызды арандатушылар өз мүдделеріне пайдаланып кетті. Алдағы уақытта осындай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін жастарға жұмыс беріп, оларды өнімді еңбекпен қамтамасыз етуіміз қажет. Жастардың болашаққа аяғын нық басуы үшін олар мамандық иесі атанулары керек. Сондықтан біз республика бойынша осы саладағы орта арнаулы білімді дамытуға жағдай жасап жатырмыз. Шынында да қаңтар оқиғасында Президенттің батыл шешімдері болмаса біз бүгін болашақтың мәселесін талқылап тұрмайтын едік», деді Е.Қошанов.

Жиын барысында белгілі болғандай, Ақмола облысының әкімдігі аталған колледжді жаңғыртуға мақсатты қаржы бөлу туралы шешім қабылдады. Депутаттар бұл жұмысты бақылауға алып, орта арнаулы оқу орындарына академиялық дербестік беретін заң жобасы бойынша жұмысты да жеделдетпек. Бұл олардың сұранысқа ие мамандықтар бойынша мамандар даярлауға мүмкіндік береді.