Пятница, 11 октября, 2024
No menu items!

Egemen.kz — ресмиді қызық емес деп кім айтты?

Ресмидің аты ресми. Оқиғаны ұзынқұлақ жеткізгенімен, тасқа басылғанын оқыған соң ғана әрекет қыласың. Әсіресе "жұрт не демейдінің" заманында ресми дереккөздің орны бөлек.

Басқа ақпараттар

Ресмиеттің жаршысы «Егемен Қазақстан» газеті ондаған жылдар бойы тап осы рөлді атқарып келеді. Басылымды «қызық-қызық емес» деп жіктеу бар да, «сенімді-сенімсіз» деп бөлу бар. Айталық, ҰБТ бойынша алған ұпайын қырықжамау дереккөздерден біліп алса да, жұрт «Егеменді күтейік» дейді. Бұл — «ақырын күтейік» дегені. «Анығын біржола білейік» дегені.

Биыл «Егемен Қазақстан» басылымының үлкен бетбұрыс жасап жатқаны журналистер ортасында біраздан бері  айтылып жүрген. Енді ол расталды. 

Басылымның сайтын жасақтап жатқан Ербол Серікбайдан «еліміздің бас газетінен» не күтетінімізді, жалпы БАҚ саласындағы трендтер мен проблемалар туралы білсек.

— Ербол, аналитикалық құралдар ортастатистикалық қолданушының әлі де — жалаңаштың фотосына, даңғаза тақырып атауына қарай жүгіретінін көрсетіп тұр. Ресмилік аңқып тұрған контентті бұлардың арасынан қалай сүйреп шығуға болады? Қандай стратегия көмектеседі?

— Қойып жатқан сауалыңыз орынды. Аудитория үшін таласта көптеген басылымдар сары басылымның деңгейінен шыға алмауда. Әлеуметтік желі нағыз қоқыстың ордасына айналғанына біраз болды.

Мұндай кезеңді көрші Ресейлік басылымдар да басынан өтті. Кез-келген қоқысты жариялай беретін Ресейлік басылымдардың арасынан, сапалы контент беретін ресурстар бөлініп шықты. Оларда сапалы контентке деген сұраныс пайда болды. Тіпті сол сапалы контентті ақылы түрде жазылып оқитын оқырмандар пайда бола бастады. Біздің қоғам да осы деңгейден өтуі керек деп ойлаймын. Бастапқыда тек сары басылымның контентін оңай жұта бергенімен, уақыт өте келе сапалы контентті тұтынғысы келетін аудитория қалыптасады. Аудитория өзіне не керек екенін өзі анықтайды.

Әзірге сары басылымға деген сұраныс қалып отыр. Дегенмен, әлеуметтік желіде “МАСҚАРА, СҰМДЫҚ, ЖАНАЙҚАЙ, ЖАҒА ҰСТАТТЫ” атты тақырыппен таралып жатқан мақалалардың өміршеңдігі бірнеше сағат, бірнеше күн ғана. Ал біз жариялайтын мақалалардың өміршеңдігі іздеу жүйелерінде жыл бойы болатын сұранысты қанағаттандыруы қажет. Сайт ұжымы жариялаған контентті келесі жылы осы уақытта алдыңғы орынға шығатындай деңгейге жеткізу. Біз осы стратегияны қолданатын боламыз.

— «Стратегия» деген дауыстап айтпаққа да салмақты естілетін жақсы сөз ғой, бірақ нақты қадамдары тіпті қызық болып отырғаны…

— Тақырыптың іздеу жүйелері үшін дұрыс қойылуы, суреттердің дұрыс сипатталып жүктелуі, сайттың соңғы үлгідегі техникалық талаптарға жауап беруі, жаңа медианың мүмкіндіктерін сайттың жаңа нұсқасында сабақтастыра отырып еңбек етпекпіз. Осы қадамдар өз жемісін береді деп нық сеніммен айта аламын. Біз сары басылым, даңғаза тақырыптан алшақ, сапалы контентті тұтынатын жаңа қолданушылар легін қалыптастырғымыз келеді. Яғни аудиторияны сауаттандырумен айналыспақпыз.

Келесі стратегиялық жоспарымыз — “Егеменді” бұл тек үлкен кісілердің емес, жастардың да оқитын басылымына айналдырғымыз келеді. Ол үшін жастарға қызық болатын контентпен қатар, сервистік мүмкіншіліктерімізді арттырып жатырмыз. Мысалы, ҰБТ тесттерін сайтымызда онлайн тапсыра алу да осы бағытта жасалып жатқан жұмыстар.

— Біреулер сайттардың үш жыл, біреулер бес жыл, біреулер — әрі кетсе он жыл өмірі қалды деп жүр. Енді олардың барлығы әлеуметтік желілерге көшіп кетеді деп жатыр. Бұған көзқарасыңыз? Қазір БАҚ-тарға сайт аша берген дұрыс па?

— Алдағы 5-10 жылдықта сайттар өледі деп айта алмаймын. Біз эмоцияға емес, статистикаға назар аударамыз. Мен көріп жүрген статистикаға сүйенетін болсам, жыл сайын интернет қолданушылары 20-30 пайызға артып отыр. Ақпаратқа деген сұраныс бәсеңдер емес. Қайта артып отыр.

Ауылды жерлерге аса жылдам әрі мобилді интернеттің тез кіруі оқырмандар санының жыл сайын артуына жағдай жасауда. Ал әлеуметтік желі персоналды ақпарат сақталатын орта болғандықтан, өз контентін іздеу сайттарына индексациялауға жол бермейді. Және кейбір елдердің заңдары жеке басқа тиісті ақпараттың жария болуына қарсы.

Әлеуметтік желідегі ақпараттар іздеу жүйелеріне ілікпегендіктен ондағы ақпараттардың өміршеңдігі бірнеше күн ғана. Бір айдан кейін қажетті ақпаратты таба алуың мұң. Сайт осындайда керек.

— SEO мен қызықты мақаланың арасындағы шекара қайсы? Біреулер топан мәтіннің өзін іздеу жүйелеріне сәтті іліп, траффик тартып жатса, біреулер үнемі ерекше мәтін жариялап, келушілерден бәрібір құр қалып жатады. Бұл әділ ме? Жалпы, интернетте «әділеттілік» деген түсінік болуы мүмкін бе?

— Іздеу жүйелері қазір жасанды интеллектпен жақсылап жарақтанып жатыр. Бұрынғыдай топан мәтінді тықпалап, алдай алмайсың. Бұрынғыдай сілтемені үйіп-төгіп немесе сатып алып, сайттың рейтингін көтере алмайсың. Іздеу жүйелері бұрынғыдай емес. Қазір адамдар секілді ойлайтын алгоритмдер негізінде жұмыс жасайды.

Бірақ мынаны да ескеру керек. Мақаланың тақырыбы әрқашан бірінші орында болады. Жақсы мақала жазғанмен, оның тақырыбы мақалға қатысы жоқ сөйлем, мысалы, мақал-мәтел боп шықса, өз оқырманымды жоғалттым дей беріңіз.

Біз «Егеменнің» жаңа сайтына 2010 жылдан бергі мақалалар базасын импортап болдық. Осы уақытқа дейін 120 000-дай мақала жарияланған екен. Бірақ тақырыптары сайт үшін дұрыс қойылмаған.

Қарапайым мысал келтірейін: «Қазақтың Кәмшаты» деген мақала бар. Әрине, суреті мен тақырыбы газетте әдемі көрініп, көз тартуы мүмкін. Бірақ интернеттен біз «Қазақтың Кәмшаты» деп емес, «Кәмшат Байғазықызы» деп іздейміз ғой. Елімізде «Кәмшат» есімді 10 мың қыз болса, іздеу жүйелері «мынау кім туралы сұрап тұр?» деп, «миы ашиды» ғой. Сондықтан, сайттағы мақалаға тақырып қоярда әсіре қызыл сөз, әдемі сипаттауларды, поэтиканы қоя тұрып, мақалада не жазылған — соған қатысты сөздерді пайдалансаңыздар, мақала өз оқырмандарын бүгін ғана емес, іздеген сайын тауып отырады.

— Иә, бұл мәселе — семинарлардағы сіздің басты тақырыбыңыз. Қорытынды шығарып жатқандар бар, бірақ мән бермегендер көп. Дегенмен, әділеттілік жөнінде. Біреу тамаша публицист, тамаша ньюсмейкер, бірақ SEO-дан хабары жоқ. Ұпайы — оның жазғанын техникалық оңтайландырып, көшіріп жариялағандарға кетіп жатыр…

— Әділеттілікке келетін болсақ, мойындау керек — бізде заң бар, бірақ оған бағынып жатқан ешкім жоқ. Тіпті менің өзім кейде техникалық тұрғыдан әділетсіз «тірліктерге» барып жатамын. Бірақ арам пиғыл емес, жақсы контенттің өз оқырмандарына жетсе екен деген ой ғана.

Былтыр құрылған Ақпарат және коммуникациялар министрлігі біраз жұмыстар атқарды. Биыл да жалғастырады деген ойдамын. Авторлық құқықты қорғауға ат салысып, сары басылымдарға шектеу қойып, нарықты түзейді деген сенімдемін. Уақыт көрсетеді.

— Редакцияның журналисіне, басқа да техникалық емес қызметкеріне контентті оңтайландыру жұмыстарын тапсыруға бола ма? Әлде бұл тек маманның ғана жұмысы деп есептейсіз бе?

— Сайт оқырмандарының көп не аз болуы журналист жазған контентке және оны қалай жариялауына байланысты. Редакция журналисінің қолынан келетін шаралар және қолынан келмейтін шаралар бар.

Сайттың техникалық мүмкіндіктерін жақсарту, қолдануға ыңғайлы болуы, техникалық талаптарға жауап беруі, жылдам жүктелуі сияқты жұмыстар — техникалық қызметкердің жұмысы.

Ал қызықты контент, суреттің және мәтіннің сапалы әрі ерекше болуы, іздеу жүйелеріндегі сұрауларды қанағаттандыруы, алдыңғы мақалаларға сілтеме бере отырып жариялануы (перелинковка), ілмектерді дұрыс қолдануы, әлеуметтік желілерде бөлісуі, т.б. көптеген жұмыстардың барлығын редакция журналисі өзі жасай алуы керек.

Перелинковка ©jas.kz

Ол үшін журналиске қосымша техникалық мамандықты игерудің қажеті жоқ. Тек техникалық мамандар өткізетін семинар, курстарда айтылған кеңестерді өз жұмысында қолданса болды. Ондай журналиске деген сұраныс артары анық. Дәстүрлі медиадағыдай ақпарат жариялаудың заманы өтіп кетті. Сайтта ақпарат жариялаудың өз талаптары бар. Сол талаптарды ескеруіміз қажет.

— Сайт — өз басылымына пародия ғана боп шығып жатады көбіне. Egemen.kz сайты қалай болады? Газетін оқып, сайтын қарамай-ақ қоюға бола ма?

— Белгілі бір деңгейде пародия болып келгені анық. Басымдылық газетте болып, сайт оның көшірмесі болғанын жоққа шығара алмаймын. Дархан Қуандықұлы ағамыз еліміздің бас газетіне жаңа ойлар, жаңа идея, жаңа медиа мүмкіншілкерін кеңінен қолданысқа алып келді.

Ағамыз айтпақшы: «NYT басылымы сайт нұсқасын қосқаннан газет оқырмандарын жоғалтқан жоқ, қайта оқырмандары екі есеге артты». Біз де сайт оқырмандарына жаңа мүмкіндіктерді ұсынғымыз келеді. Газет пен оның сайтын бірі-біріне бәсекелес емес, қайта бірін-бірі толықтырып отыратын басылым қылу — негізгі мақсатымыз.

The New York Times ©Wikimedia Foundation
The New York Times — интернет-нұқсасын алғашқы шығарған басылымдардың бірі (1996 жылдан бастап). 2 000 жылдарда баспа нұсқасының тиражы күрт төмендегенімен, кейін қайтадан өсу байқалған. Қазіргі таралымы — күніне 571 500; демалыс күндері — 1 087 000 (мәлімет 22.02.2017 күніне өзекті; дереккөз: nypost.com)

Әз наурызда жаңарған дүниемен бірге egemen.kz сайты жаңарды. Оқырмандардың талғамы мен талабын ескере отырып, жаңа сайттың тұсауын кестік. Мультимедиалық мүмкіндіктері көбейтумен қатар, ақпараттық-сараптамалық ресурс ретінде қызмет көрсетеді. Әзірге жаңа порталдың кейбір мүмкіндіктерін қосып үлгердік. Жоспар бойынша әлі талай жұмыстар бар. Атап айтар болсақ:

Мұрағат. Жоспар бойынша 2005 жылдан бері жарияланға ақпараттар әр жылы жасалған сайтта тұрмай, бір сайттың ішінен оңай іздеуге болатындай жүйе жасау. Әзірге 2010 жылдан бері шыққан ақпаратты бір сайттың аясында айы, жылы бойынша сұрыптап оңай тауып алуға болады. Жаңартылған іздеу жүйесі сізге ақпаратты жылдам тауып береді. Болашақта ақпаратты өзге де параметрлер бойынша сұрыптап алуға болатындай етіп жүйені жетілдіреміз.

Колумнистер. Мультимедиалық мүмкіндіктерді көбейтпекпіз. Сіз колумнистер жазған мақаланы оқып ғана қоймай, сайттан онлайн тыңдап немесе компьютеріңізге жүктеп алып, кез келген уақытта тыңдай берсеңіз болады.

Фотомұрағат. Егеменнің сайтында осы уақытқа дейін архивтерде шаң басып жатқан құнды фотолардың барлығын сканерден өткізіп, сайт мұрағатына жүктеледі. Одан бөлек, «Егемен Қазақстан» газеті өзінің архивіндегі тарихи құндылығы бар суреттерді Creative Commons Attribution 4.0 International еркін лицензиясы аясында Wikimedia Commons сайтына орналастыруға келісім берді. WikiBilim қоғамдық қорымен серiктестiкте жүзе асырылып жатқан жобаның аты «Цифрлық Қазақстан: Мәңгілік Ел мұралары» деп аталады. Осылайша құнды суреттерді еркін пайдалануға жол ашып отырмыз.

Түсіндірме (Картотека). Алдағы уақытта тақырыптар бойынша сұрақтарға жауап беріп, мағыналарын түсіндіретін боламыз. Жаңа сайтымыз түсіндірме жасауға толықтай техникалық мүмкіншілік береді.

ҰБТ. Ұлттық бірыңғай тестке енді «Егемен Қазақстан» газеті арқылы да дайындалуға болады. ҰБТ-ның жаңа форматын халыққа түсіндіру жұмыстары аясында Ұлттық тестілеу орталығы мен «Егемен Қазақстан» газеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Енді сіз ҰБТ-ның тесттерін сайт арқылы тапсырып көрсеңіз болады.

Ұялы телефонға арналған қосымшалар. Оқырмандардың талғамын ескере отырып, Android және iOS жүйелерінде жұмыс жасайтын телефондарға арналған қосымшаны іске қосамыз. Жаңа порталымыз сонымен бірге — Responsive Web Design стандартын қолдана отырып, мобильді браузге бейімделген түрде қызмет көрсетеді. Яғни сайтқа ұялы телефон арқылы оңай кіріп қолдануыңызға болады.

Тіл. Сайтымызға ел жаңалықтарын, мақалаларын оқу үшін төте жазу нұсқасындағы бөліміне күнделікті 8-10 мың қандастарымыз кіреді. Сайтты олар үшін толықтай бейімдеп шықтық. Биылдан бастап “Егемен Қазақстан” сайты тек қазақ тілінде ғана емес, орыс тілінде де қызмет көрсетеді. Қазірдің өзінде орыс тілінде мақалаларды оқысаңыздар болады. Алдағы уақытта ағылшынша бетін қосу жоспарда бар.

Жоспарымыз көп. Оның бағасын жыл соңында бере жатарсыздар. Әзірге алдағы 2-3 айда сайтқа толықтырулар, өзгерістер көптеп енгізілмек. Интернет күн сайын дамып, қолданушылар саны артып келеді. Ал біз қолданушылардың сұраныстарын ескере отырып, ыңғайлы портал жасағымыз келеді.

Осы уақытқа дейін жинаған тәжрибием мен қасымда ауыр жүкті бірге көтеріп жүрген әріптестерімнің, сеніп, қолдап отырған ағаларымыздың арқасында жақсы дүние жасап шығамыз деген ойдамын.

Сұрақтарыңызға рақмет!

- Advertisement -spot_img
- Advertisement -spot_img
Соңғы жарияланымдар

2024 жылғы 7-13 қазан күндері өтетін жарыстар аңдатпасы

Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі ин ұсынды. 🔹 7-13 қазан – Үстел теннисінен XXVII Азия чемпионаты Астанада алғаш рет үстел теннисінен...
- Advertisement -spot_img

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз

- Advertisement -spot_img