Президенттік жастар кадрлық резервін құру қажеттігін 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында атап өткен болатын. Сол кезде Мемлекет басшысы резервтің жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс екенін айтты. Жалпы Президенттік жастар кадр резерві деген не? Бұл жобаға кім қатыса алады? Резервшілер қайда жұмысқа орналасады.
Президенттік жастар кадр резерві деген не?
Президенттік жастар кадр резерві – егемен еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосам деген жастарға мүмкіндік беретін бірегей жоба.
Мемлекет басшысы дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты құру туралы идеяны алға тартты. Жобада барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашу мақсаты көзделген. Мәселен, жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған тұлғалардың кандидатуралары қаралады.
Бұл ретте Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған тұлғалар резервте тұрған кезеңде лауазымға міндетті түрде тағайындалуы шарт болып табылмайды. Резервте тұрған тұлғалар ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында одан әрі кәсіби және тұлғалық даму үшін оқыту курстары мен тренингтерден өту мүмкіндігіне ие болады.
Конкурсқа кім қатыса алады?
– Жасы 35-тен аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары.
– Жоғары білімі бар.
– 5 жылдан кем емес еңбек өтілі бар.
– мемлекеттік тілді В1 деңгейінде білетіндер.
Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу тәртібі туралы толық ақпаратты мына сілтемеден білуге болады.
Дереккөз: BAQ.kz