Жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялауға қалай өтінім беруге болады? Субсидия алуға үміткер депозиті бар, Отбасы банк клиенті болуы тиіс және otbasybank.kz порталында тіркелген болу керек. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ Instagram-парақшасы жазды.
Ал жинақ шоты жоқ азаматтар, депозитті бейнебанкинг қызметі немесе «Otbasy bank» мобильді қосымшасы арқылы аша алады.
Ол үшін:
1. otbasybank.kz порталындағы субсидия бөлімінде төлемдерді алу туралы өтінішке қол қояды және жеке деректерді жинауға және өңдеуге келісім береді. Құжаттарға қол қойылғаннан кейін жүйе деректерді өңдеп, отбасының құрамын анықтайды. Содан кейін кәмелеттік жасқа толған әрбір отбасы мүшесі otbasybank.kz сайтында «қонақ» ретінде тіркеліп, ЭЦҚ арқылы жеке деректерді жинау және өңдеу келісіміне қол қоюы керек. Осыдан кейін жүйе деректерді қайтадан тексеріп, өтініш берушіге субсидия алуға келісім береді немесе себебін түсіндіріп, өтінішін кері қайтарады. (Өтініш мәртебесін WhatsApp – 8705 925 1301 немесе Телеграмда Quanysh_bot арқылы тексеруге болады)
2. Егер өтініш мақұлданса, хабарламада жалға алу аймағы, пәтер ауданы, жалдау ақысының максималды мөлшерімен қатысушыға тиесілі ең жоғары субсидия көлемі көрсетіледі.
3. Осыдан кейін «Пәтер иесі туралы деректер» бөлімінде өтініш беруші жалға берушінің ЖСН немесе БСН көрсетуі керек және осы сәттен бастап процесс жалға алынатын тұрғын үйдің иесі қосылатын екінші кезеңге өтеді.
4. Баспананы жалға беруші де otbasybank.kz сайтында ЭЦҚ арқылы тіркеліп, «Жалға алу ақысын субсидиялау» бөлімінде жеке деректерді жинау және өңдеу туралы өтінішке қол қойып, жалға берілетін пәтердің кадастрлық нөмірін және қаражат аударылатын 20 сандық шотты көрсетуі керек.
5. Осыдан кейін жүйе жалдау шартын және төлем кестесін жасап шығады, оған тараптар ЭЦҚ арқылы қол қояды.
6. Субсидия алуға өтініш беруші жалдау шартын тіркегені үшін мемлекеттік баж төлейді. Содан кейін оның жеке кабинетінде төлем кестесі бар жалдау шарты пайда болады.
Барлық өтінімдер мен құжаттар Онлайн режимінде жолданады және қол қойылады. Қажет болған жағдайда Отбасы банкінің кеңес беру орталықтарына жүгінуге болады.