Қандыағашта учаскелік полиция инспекторы адасып кеткен кейуананы туған-туыстарымен қауыштырды, деп хабарлайды Jas.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қандыағаш қаласындағы Есет батыр көшесінде орналасқан учаскелік полиция пунктіне шамамен 13-14 жастағы жасөспірім келіп, тұрғын үйлердің бірінің маңында егде жастағы әйелдің ұзақ уақыт отырғанын және адасып кеткен болуы мүмкін екенін хабарлаған.
Хабарлама түскен бойда учаскелік полиция инспекторы Нұрасыл Тәжібаев оқиға орнына жедел жетті. Ол шамамен 80 жастағы кейуанамен тілдесіп, оның тұрғылықты мекенжайын да, жақындарының байланыс нөмірлерін де айта алмайтынын анықтады. Сондай-ақ қарт ананың есте сақтау қабілетінің нашарлағаны белгілі болды.
Уақыт оздырмай полиция қызметкері әйелдің жеке басын анықтау жұмыстарын бастады. Іздестіруді жеделдету мақсатында оның фотосуреті жергілікті Instagram парақшасында жарияланды. Көп ұзамай әлеуметтік желі қолданушыларының белсенділігінің арқасында кейуананың тұрғылықты мекенжайы анықталып, жақындары табылды.
Полиция қызметкерінің жедел әрі кәсіби әрекетінің, сондай-ақ тұрғындардың азаматтық белсенділігінің нәтижесінде адасып кеткен кейуана аман-есен туған-туыстарына табысталды.
