Басты бет Жаңалықтар Енді спорт басқармаларының басшысын әкімдер өздері тағайындай алмайды

Енді спорт басқармаларының басшысын әкімдер өздері тағайындай алмайды

Өңірлік спорт басқармалары басшысын тағайындау ҚР Туризм және спорт министрлігі жанынан құрылған комиссияның келісімімен жүзеге асады

Өңірлік спорт басқармаларының басшыларын тағайындау тәртібі өзгерді. Бұдан былай басқарма басшылығына ұсынылған үміткерлер ҚР Туризм және спорт министрлігінің жанынан құрылған комиссияның келісімін алуы керек. Комиссия жұмысына министр Ербол Мырзабосынов жетекшілік етеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ХХХІІІ жазғы Олимпиада жүлдегерлерімен кездесуінде әрбір өңір қандай спорт түрін дамыту керектігіне қатысты шешімді дербес қабылдайтынын сынға алған болатын. Осыған орай, Мемлекет басшысы спорт саласындағы барлық деңгейдегі басқару вертикалін қалпына келтіру жөнінде Үкіметке нақты тапсырма берді.

Комиссияның жұмысы барысында өңірлік спорт басқармалары басшылығына ұсынылған кандидаттар нақты талаптар бойынша бағаланады. Үміткерлердің саладағы тәжірибесі мен дамыту жоспары болуы, сондай-ақ спорт ғылымының негізі мен менеджментін меңгергені ескеріледі.

Кандидаттарды ұсынуды жергілікті атқарушы органдар және министрлік жүзеге асыра алады. Жергілікті атқарушы орган комиссияның оң қорытындысын алған кандидаттарды ғана тағайындайды.

Exit mobile version