27 сәуірде Қарағанды облысында полиция қызметкерлері Qarmet кәсіпорнында әрекет еткен қылмыстық топтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Jas.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер кәсіпорынның жекелеген қызметкерлерімен сөз байласып, жеткізілетін шикізаттағы темір құрамының көрсеткіштерін жасанды түрде көтеріп отырған. Алаяқтық схема жасырын тәсілдер арқылы жүзеге асырылған.
Алдын ала есеп бойынша кәсіпорынға келтірілген шығын көлемі шамамен 190 млн теңгені құрады. Заңсыз әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен Теміртау қаласының 13 тұрғыны ұсталды.
Тінту барысында ірі көлемдегі ақша қаражаты мен өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Құзырлы органдардың мәліметінше, қабылданған шаралар қалақұраушы кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
