Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Көктем балы» биыл да жаңашылдыққа толы, жоғары деңгейде өтті. «ЭКСПО-2017: Болашақтың энергиясы» тақырыбын арқау еткен Талдықорғандағы осынау айшықты шараның басталуынан шара соңына дейін кәсіби оркестрдің сүйемелдеуімен өтуі – бал қонақтарына ұмытылмас ерекше әсер сыйлады.
Көктем балының шымылдығын 40 жұптың орындауындағы салтанатты полонез биі ашты. Бұл биге бал қатысушылары атақты балетмейстер Денис Московскихтің қол астында 4 ай бойы үздіксіз дайындалған. Бал дебютанттарының көрсетілім билерінен кейін, ортаға шыққан барлық бал қонақтары да мың бұрала биге салды. Осы кеште вальс, танго, полька, кадриль және ручеек секілді билер орындалды.
Сондай-ақ кештің есте қалар сәті ретінде балға қатысушы жас жігіттің өзінің бидегі жұбына өмірлік жар болу туралы ұсыныс жасауын, опера әншісі Әсем Сембина, атақты қазақстандық «Royals Band» тобы мен өзге де танымал жұлдыздардың өнер көрсетуін атап өтуге болады.
Кеш соңында қалыптасқан дәстүр бойынша балдың ханзадасы мен ханшайымы таңдалды.
Шара ұйымдастырушыларының айтуынша бүгінгідей бал облыс орталығында 4 жыл қатарынан өткізілуде. Шараның басты мақсаты – жастар арасында классикалық бал мәдениетін қалыптастыру, жастар шығармашылығын қолдайтын қаланың білім беру мекемелерінің имиджін көтеру, жалпы жастардың шығармашылығын дамыту мен бұқара көпшіліктің классикалық мәдениетке бет бұруына ықпал ету болып табылады.