Мәдениет майданындағы сүбелі ісіміздің бірі — театр. Театр көрінгеннің ермегі емес, еңбек. Еңбектің көркемі. Тынымсыз жұмыстың негізінде Талдықорғанда аумағы 10 538 шаршы метрді құрайтын заманауи жаңа театр ғимараты қолданысқа берілді. Әсем ғимаратқа облыс бюджетінен 6 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, бүгінгі күні 510 адамға өз есігін айқара ашып отыр. Айтулы шара «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты Орталық Азия елдерінің VII Халықаралық театр фестивалінің ашылуымен қатар келді. Ұйымдастырылып отырған фестиваль екі жыл сайын Орта Азия мемлекеттерінің қатысуымен болатын үлкен тәжірибе алмасу процесі болып табылады. Бұл фестивальдің мақсаты алыс-жақын елдердің театрлары мен отандық өнер ордаларының басын қосып, мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында өткізіліп отыр.
Фестиваль аясында Талдықорған қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін 11 қойылым яғни «Театр 28» ұжымы «Войцек» (Қазақстан Республикасы), Алп Арслан атындағы Түркімен ұлттық жастар театры (Түркіменстан Республикасы) «Көроғлы және Агаюнус» қойылымды, М.Гафури атындағы Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театры (Ресей Федерациясы, Башқұртстан Республикасы) «Іздеп таптым сені…», Б.Қыдыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік жасөспірімдер театры (Қырғызстан Республикасы) «Қасқыр ұлыған түн» сынды осы және өзге де елдердің қойылымдары сахналанатын болмақ.
Театр сахнасының тұсауын жаңа шаңыраққа қоныстанған Б.Римова атындағы облыстық драма театрының өнер иелері қазақ классикасының жауһары — Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» комедиясымен ашты.
Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталов жергілікті өнерсүйер қауымды айтулы оқиғамен құттықтады.
-Талдықорған жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып, өркендеп, өсуде. Қаламызда жыл сайын жаңа ғимараттар салынып, халық саны өсіп келеді. Республикамызда теңдесі жоқ драма театрдың бүгінгі салтанатты ашылуы Орта Азия елдері VII халықаралық театр фестивалімен ұштасып жатқаны Жетісу жұртшылығының мерейін арттырып отыр.Өткізіліп отырған үлкен іс – шараға Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан театрлары ассосациясының төрағасы Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы мүшелері қатысып отыр. Сонымен қатар, аталмыш өнер додасы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновтің 120 жылдығына арналып отырғаны да ұрпақ сабақтастығы деп есептеймін.Қала тұрғындары және өз атымнан бірегей нысанды іске қосылуына ат салысқан көрнекті сәулетшілерге, дизайнерлер мен құрылысшыларға, күні мен түні осы халықаралық театрлар фестивалінің ашылуы үшін ілгері жұмыс істеп жүрген азаматтарға алғыс білдіремін, — деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, облыстағы атқарылып жатқан игі істерді атап өткен өңір басшысы осындай жетістіктердің басында Елбасымыздың нақты тапсырмалары мен міндеттері жатқанына тоқтала кетті.
Салтанатты шараның ашылуымен КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Театрлары ассоцациясының төрағасы Асанәлі Әшімов қала тұрғындарын құттықтап, жүрекжарды ақ тілегін жеткізді.
— Құрметті қала тұрғындары, бүгін біз үшін қос мереке. Жетісу жерінде осындай тамаша театрдың ашылуы және Орталық Азия елдерінің VII Халықаралық театр фестивалінің басталуы. Театр мен кино күн сайын дамып келеді, мұның бәрі сіздер үшін, халық үшін. «Қойылымның жетістігі – көрерменінің көп болуы». Олай болса театр сүйер қауым көп болсын!, — деді халықәртісі.
Айта кету керек, қараша айының 6-на дейін жалғасатын фестивальдің арнайы қонақтары қатарына кино және театр жұлдыздарыМ.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров, театр және кино режиссері, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов сынды өнердің аға буын өкілдері мен олардың соңынан ерген танымал әртістер Азамат Сатыбалды, Берік Айтжанов, Бақыт Тушаев, Асан Мәжит, Аян Өтепберген шақырылған.