Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) мен жапондық Риота Мурата (16 -2, 13 КО) арасында IBF/IBO/WBA Super орта салмақтағы үш әлем чемпионы атағы бәске тігілетін Токиодағы жекпе-жекке санаулы күн қалды.

Prosports.kz танымал отандық кәсіпқой боксшы, жеңіл салмақта IBA нұсқасы бойынша бұрынғы әлем чемпионы Марат Мәзімбаевтың алдағы жекпе-жек туралы не ойлайтынын білді.

— Марат Кенебайұлы, алдағы сенбіде Головкин үшін қиын жекпе-жек күтесіз бе?

— Әр қарсыласқа жауапкершілікпен қарау керек, өйткені бұл бокс. Мурата да әлем чемионы, оған қоса өз еліңде бокстасады. Менің ойымша, айқас оңай болмайды. Бірақ Генаның кәсіби деңгейі жоғары, сондықтан жерлесімнің жеңісіне сенемін.

— GGG Мурата сияқты қарсыласпен қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін?

— Жапон боксшысы Головкинге қарсы қитұрқы әрекеттер қолданады деп ойлаймын. Десе де, Гена бұл жекпе-жекке жақсы дайындықтан өтті. Қандай қиындыққа кездессе де шешімін табады.

– Яғни, бұл жекпе-жекте Муратаның мақсаты Головкиннің өзін көрсетуіне кедергі болмақ па?

— Ол Геннадийге өзінің мықты тұсын қолданып, еркін көсілуіне жол бермеуге тырысады. Мурата да қарсыласын түбегейлі зерттегені анық.

— Екі қарсыластың ұзақ уақыт бойы рингке шықпағанын ескерсек, мұндай жекпе-жекте не бірінші орынға шығуы керек деп ойлайсыз ба?

— Екеуі де жеңіс үшін барын салады. Қай боксшының шеберлігі жоғары болса, сол жеңіп шығады деп ойлаймын.

— Головкин жекпе-жекке жүз пайыз дайындалғанын қадап айтты. Демек, алғашқы раундтан GGG тарапынан агрессивті бокс көреміз бе?

— Кәсіпқой боксты сағынғаны жасырын емес. Токиода тізе бүгуге болмайтынын жете түсінеді. «Канеломен» трилогияның тағдыры осы жекпе-жекке байланысты екені айдан анық. Альвареспен үшінші жекпе-жекке қол жеткізгісі келсе, Головкин нокаутпен жеңуге тиіс.

 — Муратаны жеңсе, Головкин «Канеломен» айқасқа дайын деген сөз бе?

– Қазіргі жағдайда Риотаны жеңсе, мексикалықты тығырыққа тіреуге жеткілікті болады деп ойлаймын. Головкин қандай деңгейде екені Токиода белгілі болады. Жекпе-жек сәтті өтсе, күзге дейін рингке шығудының қажеті жоқ деп ойлаймын. Қосымша дайындық бар, оның үстіне жас мінген сайын жарақат алып қалу қаупі де жоғары.

— Головкиннің өзі сұхбаттарының бірінде Сауль Альвареспен үшінші жекпе-жек өткізудің қажеті жоқ екенін айтты. Мексикалыққа қазір трилогия керек пе?

– Менің ойымша, жеңімпазды анықтау үшін екі боксшыға да, дүние жүзіндегі жанкүйерлерге де трилогия керек. Бірінші жекпе-жекте тең түскенімен, сарапшылар мен мамандардың көпшілігі Головкинді жеңімпаз деді, ал екінші жекпе-жекте Альварестің жеңісімен көпшілік келісе алмады. Сұрақтар көп, сондықтан трилогия бұл мәселеге нүкте қояды.