Неге Қазақстан жүргізетін пропагандаға халық сенбейді?

338

М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті Басқарма төрағасының орынбасары — Ерболат Мұхамеджан Есен Елеукеннің «Yesti Podcast» жобасында қонақ болды. Онда Ерболат Мұхамеджан Қазақстандағы пиардың деңгейі, министрлер неге сұхбат бермейді, бізге реформалар керек пе деген сұрақтарға жауап берді. 

Сұхбат барысында Қазақстан жүргізетін пропагандаға халықтың сенбеу, ермеу себебі туралы ойымен де бөлісіп өтті.

Оның айтуынша, бізде идеология жоқ және пропаганда «арзан» жолдармен жасалады.

«Қазақстанда идеология жоқ. Оны былай айтуға болады. Пропаганда дегеніміз не? Ол белгілі бір мықты, қалыптасқан идеологияның артынан еру. Ресейде қандай идеология болды? Үйіңде дым жоқ болса да, теледидар көріп отырғанда «біз мықтымыз, Америкадан да мықтымыз» деген идеологияны сіңіре бастады. Әсіресе соңғы кезде олар қатты кетті. Соғысқұмар идеология болды және оған барлығы өте белсенді жұмыс жасады. Оның нәтижесін қазір көріп отырмыз, қазіргі ситуацияға Ресейдің халқы аса бір қарсыласып жатқан жоқ. Екіншісі олар Путинді батыр етіп көрсетті. Яғни көздеген мақсаттарына жетті», дейді Ерболат Мұхамеджан.

Оның айтуынша, біздегі пропаганда — бізде бір ситуация болса, соның «аузын жабу» бойынша бір нәрселер ұйымдастырып, жиын өткізу. Сонымен бәрі жабыла қалады.

«Екінші мәселе, бізде мемлекеттік бағдарлама деген бар. Бір мемлекеттік бағдарламалар қабылданып жатады, «Қазақстан — 2050», «Қазақстан -2030», т.б. Соған байланысты пропаганда басталады. Қолдау, пропаганда жасау тым көп, көргің келмей кетеді. Соңында не қабылдап, не қойғаныңды түсінбей қаласың, яғни іліп алар «дәмі» жоқ нәрсе алып шығасың», дейді ол.

Оның айтуынша, пропаганданың үшінші көрінісі Жолдауды қолдаудан көрінеді. Жолдау шыққаннан кейін, түсіндіру деген басталады, ауыл-аймаққа депутаттар кетеді. Оның қандай қажеті бар екенін түсіне алмадым дейді Ерболат Мұхамеджан.