Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің  «Технологиялық колледжінде» WorldSkills Russia Ұлттық чемпионатының 1 орын иегері, Ресейдің үздік наубайшысы – Павел Агаповтың «Заманауи наубайшы» мастер-класының алғашқы күні өтті.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Колледждер қауымдастығының жетекшісі Манен Омаров ашты:

Колледж ұжымының бұл бастамасы өте жоғары деңгейде бағалануы керек. Себебі бұрын мұндай деңгейдегі мастер-кластар үшін біз санаулы ғана әріптестерімізді шетелдерге жіберетінбіз. Ал бұл колледж өзінің мамандарын толық оқыту үшін өте білікті маманды алдыртып отыр. Агапов мырзаның тәжірибесі өте мол, ол кісіден әлемдік деңгейдегі көптеген классикалық нан өнімдерін дайындаудың қыр-сырын үйрену арқылы біздің мамандарымыз да халықаралық чемпионаттарда топ жаруға бір табан жақындайтыны анық, — деді М. Омаров.

Кейін сөз колледж директоры Лязат Разбекова-Тулеухановаға берілді. Әріптестеріне сәттілік тілей отыра, Лязат Мұратқызы бұл колледжде наубайшылар мамандығы ең алғаш ашылғандығын, елу жылдық тарихы бар оқу орнынан шыққан мамандардың еліміздің ең мықты мамандары екенін атап өтті.

Мастер-класстың алғашқы күні теориядан басталып, кейін іс-шараның ең қызықты бөлігі – практикаға ұласты. Онда студенттер ашытқы таңдауды, қамырды дұрыс илеуді, келесі күнге ашытқы мен қамыр дайындау негіздерін және де классикалық круассан дайындауды үйренді.

Айта кетейік, Ресейдің үздік наубайшысы – Павел Агаповтың «Заманауи наубайшы» мастер-класы 5 күнге созылады. Колледж қызметкерлері мен студеннттері 40 сағат бойы нан пісірудің қыр-сырын теория-практика жүзінде үйренетін болады.