«ITeachMe» компетенцияларды дамыту орталығы қоғамдық қоры жүзеге асыратын #ITeachMe6.0 жастар инклюзивті лагеріне қатысуға өтінімдерді қабылдау басталды.
Іріктеу турлары Қазақстанның 14 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаласында өтеді.
ITeachMe – мүгедектігі бар және мүгедектігі жоқ жастар үшін өз өмірін жарқын етуге, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға тиесілі дағдыларды тегін алуға және жоғары дәрежелі маманға айналып, лайықты жалақы алуға бірегей мүмкіндік беретін жоба.
Аралас форматтағы оқу бағдарламасында:
- базалық компьютерлік дағдылар бойынша онлайн-курс (gmail.com, google chrome, word және т. б.);
- soft skills үш күндік офлайн-лагері (шешендік шеберлік, көшбасшылық, команда құру және т. б.);
- әртүрлі бағыттар бойынша үш айлық онлайн-курс: SMM (SMM, копирайтинг, мобилография негіздері), motion design, графикалық дизайн, UI/UX дизайн, мобилография, ағылшын тілі;
- үздік студенттерді марапаттау рәсімі;
- Қазақстанның танымал компанияларының жұмыс жәрмеңкесі қамтылады.
Барлық кәсіби курстар мүгедектігі бар адамдардың әртүрлі қажеттіліктерді ескере отырып дайындалды және мемлекеттік тілге аударылды.
Іріктеу турына қатысуға 17-39 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының азаматтары шақырылады. 2022 жылғы 30 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласы уақыты бойынша сағат 18:00-ге дейін өтінім қалдыру қажет.
Айта кету керек, ITeachMe жобасы 2019 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде жүзеге асырылып келеді. Жобаға қатысып, барлық сатыларды аяқтаған қатысушылардың жалпы саны 300-ден асты. Сондай-ақ 100-ден астам азаматтық, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдармен, олардың ішінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен секріктестік қарым-қатынастар орнатылған. Оқуды аяқтағаннан кейін үздік түлектерге жұмысқа орналасуға немесе алғашқы еңбек тәжірибесін алу үшін коммерциялық тапсырыс алуға көмек көрсетіледі.