SpaceX басшысы Илон Маск Марсқа ұшу билетінің бағасы шамамен 100 000 доллар (44 607 470,00 теңге) болатынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Business Insider-дің хабарлауынша, миллиардер TED конференциясының кураторы Крис Андерсонмен әңгімелесу кезінде басқа планетаға бару құнын айтты.

«Егер Марсқа көшу, мысалы, 100 000 доллар тұратын болса, меніңше, кез келген адам 100 000 доллар жинай алады және қаласа Марсқа бара алады», — деді кәсіпкер.

SpaceX Марсқа ұшуды «барлық адамдар үшін қолжетімді» етуді мақсат етеді. Әңгімелесу барысында кәсіпкер мемлекеттік бағдарламалар мен несие алу сияқты басқа да қаржыландыру жолдарына тоқталды. Маск бұл жерде әңгіме қайтару билеті жоқ, яғни басқа планетаға көшу мақсатын көздейтін саяхат туралы болып отырғанын түсіндірді.

Айта кетейік, Илон Масктың SpaceX компаниясы алдағы онжылдықта Марста қала салуды жоспарлап отыр.

Бұған дейін Илон Маск қазір жеке үйі жоқ екенін, сондықтан әртүрлі достарымен түнеп жүргенін мойындаған еді. 2021 жылдың соңында миллиардер Калифорниядағы үйін сатып, пәтерді жалға алды.