Тегін жер алуға электронды түрде өтінім беруге болады.
Мемлекеттен тегін 10 гектар жер алу мүмкіндігі бұрыннан бар болса да, eGov арқылы кезекке онлайн тұру қызметінің іске қосылуы адамдарда жаңа үміт оятты. Аз күнде кезекке тұрғандар қатары көп. Тіпті, eGov порталында осыған байланысты кідіріс байқалды.
Сонымен бірге қоғамда сұрақ та көбейді. «Кезекке тұрғанның бәрі мемлекеттен 10 сотық жер ала ала ма?», «Кезекке тұру және болашақта жерді алу несие, әлеуметтік көмек алу мәселесінде қандай да бір кедергілерге әкелмей ме?», «Баспана кезегінде тұрғандарға жер кезегіне тұруға бола ма? Олар баспана кезегінен шығып қалмай ма?» деген сынды сұрақтар әлеуметтік желіде қойылып, нақты жауабын таппай жатыр.
Заңгер Марғұлан Шыныбаев Informburo.kz-қа берген сұхбатында негізгі сұрақтарға жауап берді.
– Кезекке тұрғанның бәрі мемлекеттен 10 сотық жер ала ала ма?
– Әрине, Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес, кез келген азамат мемлекеттен 10 сотық жер ала алады.
– Кезек қандай жағдайда жылжымай қалуы мүмкін?
– Кезекке тұру тәртібі бұрыннан бері бар. Тек бұған дейін адамдар жазбаша түрде, әкімдіктің тізіміне тұратын. Қазір сол тізім электронды нұсқаға көшті. Айырмашылығы сол ғана.
Кезек екі түрлі себеппен жылжымай қалуы мүмкін. Біріншіден, егер қорда жер жоқ болса. Екіншіден, қорда жер бар болғанымен, ол жерге су құбырлары, тоқ, газ, жол сияқты инфрақұрылым тартылмаған болса. Осы негізбен әкімдік жерді беруді тоқтата тұра алады.
– Кезекке тұру және болашақта жерді алу қандай да бір кедергілерге әкелмей ме? Жеңілдіктер, кредит бойынша?
– Ешқандай кедергіге әкелмейді. Бірақ, адамның атында басқа жер болса, екінші рет жер берілмеуі мүмкін.
– Баспана кезегінде тұрған адамдар жер кезегіне тұрғаны үшін баспана кезегінен шығып қалмай ма?
– Жоқ, шығып қалмайды. Екеуі екі түрлі кезек. Бірақ, егер адамның атында баспана бар болса, онда жер берілмеуі мүмкін. Осыны ескеру керек. Әкімдіктегі жер қатынастары басқармасында осыған қатысты арнайы комиссия болады. Сол комиссия өтінішті қарайды. Яғни, өтініш беруші кісіге жер берілуі қажет пе, қажет емес пе? Бұл кісінің атында мүлік бар ма, жоқ па? Бәрі зерттеледі. Егер иелігінде мүлкі бар, жағдайы жақсы болса, комиссия шешімімен жер беруден бас тартылуы мүмкін. Комиссия шешімі негізінде әкімдік жерді беруден бас тарту туралы қаулы шығарады.
Осыған дейін 18 жастан асқан кез келген азамат 10 сотық жерді тегін ала алатынын жазғанбыз.