ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қоры Жастар симфониялық оркестрінің құрамына қабылдау үшін музыканттарды іріктеу туралы хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат.

Байқауға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан елдерінің 35 жасқа дейінгі кәсіби музыканттары қатыса алады. Байқау келесі мамандықтар бойынша жүргізіледі: скрипка, альт, виолончель, контрабас, флейта, гобой, кларнет, фагот, валторна, тромбон, барабандар, соқпалы аспаптар, арфа.

Байқауға қатысу үшін сауалнаманы толтырып, байқау бағдарламасының жұмыстарын орындау бейнебаянын жіберу керек. Өтінім үлгісі және конкурсқа қатысу шарттарымен ЖСО-ның веб-сайтындағы «Құжаттар» бөлімінде танысуға болады. Байқау мерзімі — 1 мамыр-1 маусым аралығы.

Байқау іріктеуінен өткен қатысушылар ТМД жастар симфониялық оркестріне қабылданып, ансамбльдің Достастық елдеріндегі гастрольдік қойылымдарына қатысады.

Жастар симфониялық оркестрі – ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының маңызды жобаларының бірі. Оркестр алғаш рет 2007 жылы құрылды. Оған дәстүрлі түрде Достастық елдерінің жас музыканттары, беделді музыкалық байқаулардың лауреаттары мен жеңімпаздары кіреді. Осы жылдар ішінде оркестрге белгілі дирижерлер Юрий Симонов, Владимир Спиваков, Василий Валитов жетекшілік етті.

Биыл оркестр Ресейдің халық әртісі Сергей Скрипканың жетекшілігімен Ресей мемлекеттік симфониялық кинематография оркестрінің негізінде өнер көрсетеді.