Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастама аясында Қызылорда облысы Арал ауданында тазалықты сақтау, абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында ауқымды іс-шаралар іске асырылуда.
Соңғы жылдары ауданда түрлі инфрақұрылымдық жобалармен қатар құрылыс жұмыстары да белсенді түрде атқарылуда. Оның көпшілігі бүгінде пайдалануға беріліп, тұрғындардың игілігіне жарауда. Атап айтқанда, бюджет есебінен Арал қаласындағы көпқабатты үйлер мен кіреберіс қақпа жөнделіп, жаңартылған келбетке ие болды.
Соңғы үш жыл ішінде 104 млн теңге қаржыға 6 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жасалды. Соның бірі – 16 пәтерлі үй биыл толық жаңартылып, тұрғындар иелігіне берілді. Сонымен қатар, қаланың кіреберіс қақпасын жаңғырту үшін 15,7 млн теңге бөлініп, бұрынғы қақпаның сыртқы бөлігі заманауи кейіпке келтірілді. Қақпа жарық шамдарымен жабдықталып, ұлттық өрнектермен көркемделді.

Ауданға қарасты елді мекендердің ішінде тазалық пен көркейту жұмыстарына ерекше көңіл бөліп, үлгі боларлық ауыл ретінде Аманөткел елді мекені ерекшеленеді. 2024 жылы өткен «Үлгілі елді мекен» байқауында «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша III орынға ие болды.
Ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі – балық және мал шаруашылығы. Қазіргі таңда мұнда заманауи тамшылатып суару технологиясы арқылы егіншілік те дамып келеді.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан бұл ауылда 5 көшеге асфальт жол төселіп, 7 көшеге түнгі жарық орнатылған. Географиялық орналасуы, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша болашағы зор елді мекендер қатарында.

Ауылдағы 7 мыңға жуық терек, қаратал және жеміс ағашы бар саябақ тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған. Сонымен қатар, орталықтағы «Тағзым» алаңы мен «Нұртуған» кесенесі аумағында отырғызылған 300-ден аса ағашқа тұрақты күтім жасалуда.
Биыл елді мекендегі барлық әлеуметтік нысандардың аумағы толық көріктендіріліп, 1000-ға жуық жаңа ағаш көшеттері отырғызылды.
2025 жылы аудан аумағындағы республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жол бойларында жасыл белдеу қалыптастыруға бағытталған жоспар бекітілді. Соған сәйкес, Аманөткелге кіреберістегі жол бойына көлемі 0,5 гектар болатын жасыл аймақ құрылып, 200 түп терек және қаратал отырғызылды. Бұл жұмыстар демеушілік қолдау арқылы 2025–2026 жылдардың көктем және күз мезгілдерінде жалғасады.
Қазіргі уақытта қаладағы тарихи және сәулеттік маңызы бар нысандардың бірі — Арал теңізі станциясының вокзал ғимаратына қатысты мәселе күн тәртібінде тұр. Бұл ғимарат мемлекеттік қорғаудағы тарихи-мәдени ескерткіш болғандықтан, оны қалпына келтіру алдағы уақытта нақты шешімін табатын болады.
