«Ордабасы» футбол клубы жекеменшікке сатылды

Басқа ақпараттар

Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубы ресми түрде жекеменшікке өтті. Электронды сауда-саттық нәтижесінде бұған дейін Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының балансында болған клубтың 100 пайыз мемлекеттік акциялар пакеті сатылды, деп хабарлайды Jas.kz Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.

Мәміленің жалпы құны 156 млн 913 мың теңгені құрады.

Клубты жекешелендіру екі кезеңде өтті. Алғашқы аукцион 2026 жылғы 28 мамырға жоспарланып, бастапқы бағасы 224,1 млн теңге болған. Алайда әлеуетті сатып алушылардың болмауына байланысты сауда өтпей қалды.

Қайта ұйымдастырылған аукцион 16 маусымда өтті. Бұл жолы бастапқы баға 156 млн 912 мың теңгеге дейін төмендетілді. Саудаға бір ғана қатысушы қатысып, клубты бастапқы бағадан небәрі 1 мың теңгеге жоғары сомаға сатып алды.

Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы клубтың жаңа иесі ретінде бенефициары Шахмұрат Мұтәліп болып табылатын компанияны растады.

Еске салсақ, 2026 жылдың ақпан айында Шымкент әкімдігі мен кәсіпкер Шахмұрат Мұтәліпке тиесілі Integra Construction KZ компаниясы клубты жекешелендіру ниеті туралы меморандумға қол қойған болатын. Алайда құжат тараптарды ашық аукцион өткізуден босатпағандықтан, клуб ресми электронды сауда арқылы сатылды.

Жекешелендіру рәсімі аяқталғанға дейін клуб бюджет есебінен қаржыландырылып келді. 2026 жылдың қаңтарында мемлекеттік сатып алу арқылы бұл мақсатқа 1,8 млрд теңге қарастырылған.

Жаңа меншік иесіне бірқатар міндеттемелер жүктелді. Атап айтқанда, ол:

  • клубтың спорттық бағытын және қызметкерлердің кемінде үштен екі бөлігін 10 жыл бойы сақтауға;
  • команданың жарыстарға тек Шымкент қаласының атынан қатысуын қамтамасыз етуге;
  • балалар және әйелдер футболын дамытуға;
  • шетелдік ойыншылар мен мамандарды тек өз қаражаты есебінен тартуға міндетті.

Сонымен қатар алдағы 10 жыл ішінде клубтың акцияларын кепілге қоюға немесе өзге жолмен ауыртпалық салуға тыйым салынады. Сондай-ақ жаңа иесі дене шынықтыру және спорт басқармасының келісімінсіз клубтың атауы мен логотипін өзгерте алмайды.

Соңғы жарияланымдар

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін төмендетті

Қазақстан Ұлттық Банкі Ақша-кредит саясаты комитетінің шешімімен базалық мөлшерлеме 25 базистік тармаққа төмендетіліп, 16,75% деңгейінде белгіленді. Бұл туралы Ұлттық...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз