Түлектердің 96,5%-ы қорытынды аттестаттаудан сәтті өтті: денсаулық сақтау министрлігі «жаппай құлады» деген ақпаратты жоққа шығарды

Басқа ақпараттар

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі резидентура түлектерінің қорытынды аттестаттау нәтижелеріне жүргізген талдау қорытындысы бойынша емтиханды жаппай тапсыра алмау туралы ақпараттың расталмағанын мәлімдеді.

Министрліктің мәліметінше, түлектердің 96,5 пайызы қорытынды аттестаттаудың екінші кезеңінен сәтті өтіп, өз біліктілігін растаған. Сонымен қатар емтиханды өткізу тәртібі, тапсырмалардың мазмұны және бағалау жүйесі Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына толық сәйкес келген.

Қорытынды аттестаттаудың екінші кезеңіне резидентураның 3684 түлегі қатысты. Оның ішінде 3540 адам немесе 96,5 пайызы емтиханнан сәтті өтті. Шекті деңгейден өте алмағандар саны – 134 түлек (3,5 пайыз). Орташа нәтиже 80,7 балды құрады.

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде резидентураның жекелеген түлектері қорытынды аттестаттаудың екінші кезеңінің нәтижелерімен келіспейтінін білдірген жарияланымдар тарады. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі айтылған барлық уәждерді мұқият зерделеп, жан-жақты талдау жүргізді.

Резидентура – 2 жылдан 4 жылға дейінгі практикалық даярлықты қамтитын оқу кезеңі. Емтиханды сәтті тапсырғандардың жоғары үлесі (96,5%) еліміздің медициналық жоғары оқу орындары мен клиникалық базалары халықаралық стандарттарға сай сапалы маман даярлайтынын дәлелдейді. Салыстыру үшін айтар болсақ, денсаулық сақтау жүйесі дамыған елдердің бірі – Ұлыбританияда резидентура түлектерінің қорытынды біліктілік емтихандарын сәтті тапсыру көрсеткіші шамамен 60–65%-ды құрайды.

Бағалаудың екінші кезеңіндегі емтихандық кейстер бекітілген спецификациялардың негізінде әзірленіп, тестологиялық, әдістемелік және мазмұндық сараптаманың бірнеше кезеңінен өтті. Сараптамаға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының профессорлық-оқытушылық құрамының сарапшылары, сондай-ақ Оқу-әдістемелік бірлестік – Республикалық оқу-әдістемелік кеңес (ОӘБ–РОӘК) ұсынған ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың өкілдері қатысты.

Сонымен қатар мемлекеттік тілдегі тапсырмалардың сапасына қатысты түскен өтініштер де тексерілді. Нәтижесінде материалдардың дербес мазмұндық және лингвистикалық сараптамадан өткені анықталды. Бейімдеусіз сөзбе-сөз аударылған тапсырмалар фактілері анықталған жоқ.

Тағы бір маңызды жайт – ақпараттық жүйенің талдауы шекті деңгейден өте алмаған түлектердің басым бөлігі емтиханды орындауға берілген 90 минуттың толық уақытын пайдаланбағанын көрсетті. Қатысушылардың едәуір бөлігі жұмысты белгіленген уақыт бітпей тұрып аяқтап, жауаптарын қайта тексеру және клиникалық жағдайларды қайта талдау мүмкіндігін пайдаланбаған.

Емтихан барысында әрбір түлек ақпараттық жүйе арқылы нақты тапсырмалар бойынша апелляция беруге мүмкіндік алды. Түскен барлық өтініштер қолданыстағы заңнамаға сәйкес Республикалық апелляциялық комиссияның қарауына жіберілді.

Министрлік қажетті нәтижеге қол жеткізе алмаған түлектердің алаңдаушылығы мен көңіл күйін түсінеді. Дәрігер үшін қорытынды аттестаттау – кәсіби қалыптасудың маңызды кезеңі. Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігі барлық түлектер үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге және заң талаптарының қатаң сақталуына кепілдік беруге міндетті.

Сонымен қатар шекті деңгейде өте алмаған әрбір түлек қолданыстағы қағидаларға сәйкес 6 айдан кейін қорытынды аттестаттаудан қайта өтуге құқылы.

Соңғы жарияланымдар

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін төмендетті

Қазақстан Ұлттық Банкі Ақша-кредит саясаты комитетінің шешімімен базалық мөлшерлеме 25 базистік тармаққа төмендетіліп, 16,75% деңгейінде белгіленді. Бұл туралы Ұлттық...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз