ҚЫЗЫЛОРДАДА «АҚМАРЖАН» АГРОМӘДЕНИ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

30

Сыр өңірінде Республика күні қарсаңында берекелі күздің шуағы мен дала еңбегінің мерейін тоғыстырған «Ақмаржан» агромәдени фестивалі өтті.


Ынтымақ пен ырысты ұлықтаған дәстүрлі мереке аясында «Алтын күз – 2026» салтанаты ұйымдастырылып, ел қамбасын астыққа толтырған еңбек адамдарына құрмет көрсетілді.Қызылорда қаласындағы «Құзыреттілік орталығында» өткен салтанатты жиында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев ауыл шаруашылығы саласының үздіктерін марапаттап, туған жердің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген еңбеккерлерге алғысын білдірді. Еңбегімен елге үлгі болған азаматтарға мемлекеттік наградалар мен салалық марапаттар табысталып, озат еңбеккерлерге 9 автокөліктің кілті берілді.

Мерекенің сәнін келтірген келесі думан – «Сыр маржаны – 2026» ұлттық ат бәйгесі. Дүбірлі додада еліміздің әр өңірінен келген шабандоздар төрт бағыт бойынша бақ сынап, сәйгүліктердің жүйріктігін, шабандоздардың шеберлігін көрсетті. Ұлттық рухты асқақтатқан жарыс жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен қорытындыланды.

Ал, Қызылорда қаласында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі тұрғындарға молшылық пен қолжетімді бағаны қатар ұсынды. Барлық аудан мен қала шаруалары 450 жүк көлігімен 1200 тоннадан астам өнім жеткізіп, Сырдың ақ күрішін, Аралдың балығын, ет-сүт өнімдерін, көкөніс пен жеміс-жидекті көпшілік назарына ұсынды.

Берекелі күздің базары мен ұлттық дәстүрдің думанын тоғыстырған «Ақмаржан» агромәдени фестивалі – адал еңбекті ардақтап, ел ырысын еселеген азаматтарды ұлықтаған тағылымды мереке.
Дала еңбеккерінің маңдай тері мен халықтың ынтымағы жарасқан осындай игі бастамалар Сыр елінің берекесін арттыра бермек.