Шығыс Қазақстан облысындағы Алматы облысының күндері аясында облыс әкімі Амандық Баталов бастаған ресми делегация Шығыс Қазақстан облысына сапарлады. Шараның басты мақсаты маңызды өндірістік және спорттық нысандардың құрылымымен танысу, тәжірибе алмасу, сауда, бизнес және мәдениет салалары бойынша ынтымақтастық байланыстарды нығайту болып табылады. Сондай-ақ өңіраралық ынтымақтастыққа арналған жиын барысында қос тарап екі жақты меморандумдарға қол қойды.
Жиын барысында Алматы облысының басшысы Амандық Баталов сөз сөйледі. Ол Жетісу өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары мен инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, осы сапар барысында жетісулық делегацияның ШҚО-ның ірі өндірістік нысандарын аралап шыққандығын атап өтті. Сонымен қатар облыс әкімі Елбасының тапсырмасына сәйкес екі облыстың арасындағы іскерлік тығыз қарым-қатынастың одан әрі дамитындығын және алдағы уақытта экономиканың барлық салалары бойынша екіжақты тиімді ынтымақтастық әріптестік перспективаларының барын да тілге тиек етті.
— Алматы облысы қазір аграрлы-индустриалды өңір ретінде дамып келеді. Өңірде бірнеше маңызды индустриалды аймақтар құрылуда. Жетісу жерінің жүгері, май бұршақ, қант қызылшасы, жеміс-көкөніс, жүзім, ет және жұмыртқа өндірудегі республикамыздың алдыңғы қатарлы аграрлық өңірі саналатындығын ескеретін болсақ, осындай табиғи таза әрі сапалы өнімдерді ШҚО-ға жеткізу мүмкіндігіміз бар. Сонымен бірге туризм, білім, денсаулық сақтау, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу салаларында да өзара ынтымақтастықты дамытудың үлкен болашағы бар. Сол себепті бүгінгі шарамыз ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтады деп сенемін. Өскемен қаласының абаттандырылуында бізге ұнаған, тәжірибеге енгізуге тұрарлық көптеген жаңа, тың шешімдер бар екенін көрдік. Бұл әсіресе саябақ аумақтарында, жарықтандыру мәселелерінде және жалпы қаланы тұрғындар мен қонақтардың күнделікті тұрмысын-тіршілігіне, серуендеуіне қолайлы етуге арналған өзге де орындарда айқын байқалады. Алматы облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің құрылысында кеңінен қолданылса, Шығыс Қазақстан облысында мұндай әріптестік денсаулық сақтау саласында жақсы жолға қойылғанын байқадық. Бұл да бір үйренерлік жақсы үрдіс, — деп атап өтті А.Баталов.
Сондай-ақ, Амандық Баталов өз сөзінде бүгінгідей тәжірибе алмасу екі өңірдің де тұрғындарына үлкен септігін тигізетіндігін атап көрсетті.
Жиында баяндама жасаған Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Маржан Мұраттың атап өткеніндей, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары арасында шикізат пен дайын өнімді жеткізу бағытында тұрақты байланыстар орнаған. Атап айтар болсақ, тек «Қайнар АКБ» ЖШС-ның өзі өткен жылда ШҚО нарығына құны 327,4 млн. теңгенің 22 мың аккумулятор батареяларын жеткізген. «АСПМК-519» Холдингтік компаниясы өз қызметінде Шығыс Қазақстанда өндірілген цемент өнімін пайдалануда. Сондай-ақ бұл компания «Қазақмыс» АҚ мен «Қазцинк» ЖШС, іргелі нысан Үлбі металлургиялық зауыты мен өзге де кәсіпорындардың электр жүйелерінің құрылысын жүргізу мен аралық станциялар орнату кезінде толық жиынтықталған электр-техникалық құрылғылармен қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Бұдан өзге де мысалдар жеткілікті.
Сонымен қатар Маржан Мұратқызы Алматы облысында шығарылған өнімдердің әлемнің 41 мемлекетіне жеткізілетіндігін, облыста 700 кәсіпорынның бар екенін, соның ішінде 20-дан астамы трансұлттық компаниялар екенін және де өткен жылда өңірге тартылған инвестиция көлемінің мөлшері 528 млрд. теңгені құрағандығын атап өтті.
Осыдан кейін өнеркәсіпті өркендету, бизнесті дамытудың келешегі және екі өңірдің осы бағыттағы қарым-қатынасы туралы Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы М.Мұсапирбеков баяндап берді.
Жиынды Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қорытындылады. Өңір әкімі жетісулықтардың жылы лебіздері үшін алғысын айтып, ШҚО-ның Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және басқа да облыстармен өңіраралық әріптестігі жақсы жолға қойылғандығын, енді міне Алматы облысымен де байланыс нығая бастағанын атап өтті. ШҚО әкімінің сөзіне сүйенсек, мәселен, Алматы облысының орталығы Талдықорғандағы Оқушылар сарайы мен «Жастар» спорт кешенінің жұмысы шығыстық әріптестерге ұнағандығына байланысты осы өңірде де осы типті нысандар салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Даниал Ахметов Алакөл жағалауын дамытудағы Алматы облысының қолға алған тәжірибелеріне де қызығушылық танытатындықтарын білдіре келе, облыстар өзара ынтымақтастық пен әріптестік қарым-қатынастарын дамыту арқылы Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындауға мүмкіндік алатындығын және ол үшін өңірлердің бір-бірімен соңғы жетістіктерімен бөлісіп, тәжірибе алмасуы қажет екендігін атап өтті.
Қос тараптың кәсіпорын басшылары екі жақты 8 меморандумға қол қойды. Енді екі облыстың кәсіпорындары жалпы құны 20 млрд. теңгені құрайтын көлемде бір-бірінің шығарған өнімдерін сатып алып, тұтынатын болады.
Жалпы, Алматы облысының күндері аясында шығыстық көрермендерге өңірдегі шығармашылық ұжымдардың «Жер жәннаты Жетісудан алтын Алтайға» атты мазмұнды концерттік бағдарламасы мен облыстық көркемсурет галереясының қорындағы қылқалам шеберлерінің үздік туындылары ұсынылды. Алматы облысының Өскеменге жасаған сапары барысында делегация мүшелері ірі өндіріс ошағы саналатын Үлбі металлургия зауытын, Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі мен оңалту орталығын, табиғи-ландшафттық қорық-музейін, этносаябақ пен Ертіс өзенінің жағалауын, сондай-ақ қаланың өзге де сәулеті ерекше әрі бірегей нысандарды аралады.