Суббота, 23 ноября, 2024
No menu items!

Жетісу — Алтай арасы қазақтың байтақ даласы

Басқа ақпараттар

Бізге сырт елдерден бұрын ең алдымен өзімізді өзіміз танып, өз ішіміздегі озық тәжірибелерді бір-бірімізден үйренуіміз қажет. Сонымен қатар отандық өнімді қолдау, ел экономикасында қазақстандық мазмұнды арттыру үшін елімізде өндірілген өнімдерді де ең алдымен өзіміз тұтынуға тиіспіз. Сонда нарық бәсекесінде бәсіміз жоғары болмақ. Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың өңірлер экономикасын дамыту, кәсіпорындарды әртараптандыру бағытында қойып отырған міндеттерінің бірі де  осы.

Бұл орайда жуырда Шы­ғыс Қазақстан облысында Ал­маты облысының күндері өтіп, оған облыс әкімі  Амандық Баталов бастаған ресми делегация барып қайтты. Шара барысында маңызды өндірістік, спорттық, мәдени нысандарды аралап, тәжірибе алмасу, бірқатар салалар бойынша ынтымақтастық байланыстарды арттыруға бағытталған қадамдар жасалды. Сондай-ақ өңіраралық ынтымақтастыққа арналған жиын барысында қос тарап екі жақты меморандумдарға қол қойды.

Жиын барысында сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов  Жетісу өңірінің әлеу­меттік-экономикалық дамуының басым бағыттары мен инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, сапар барысында  жетісулық делегацияның ШҚО-ның ірі өндірістік нысандарын аралап шыққандығын атап өтті. Сондай-ақ Елбасының тапсыр­масына сәйкес екі облыстың арасындағы іскерлік тығыз қарым-қатынастың одан әрі дамитындығын және алдағы уақытта экономиканың барлық салалары бойынша екіжақты тиімді ынтымақтастық әріптестік перспективаларының барын да тілге тиек етті.

– Алматы облысы қазір аграрлы-индустриалды өңір ретінде дамып келеді. Облыс­та бірнеше маңызды индус­триалды аймақтар құрылуда. Жетісу жері жүгері, майбұршақ, қант қызылшасы, жеміс-көкөніс, жүзім, ет және жұмыртқа өндірудегі республикамыздың алдыңғы қатарлы аграрлық өңірі саналатындығын ескеретін болсақ, осындай табиғи таза әрі сапалы өнімдерді ШҚО-ға жеткізу мүмкіндігіміз бар. Сонымен бірге туризм, білім, денсаулық сақтау, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу салаларында да өзара ынтымақтастықты дамытудың үлкен болашағы бар. Сол себепті бүгінгі шарамыз ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтады деп сенемін. Өскемен қаласының абаттандырылуында бізге ұнаған, тәжірибеге енгізуге тұрарлық көптеген жаңа, тың шешімдер бар екенін көрдік. Бұл әсіресе саябақ аумақтарында, жарықтандыру мәселелерінде және жалпы қаланы тұрғындар мен қонақтардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, серуендеуіне қолайлы етуге арналған өзге де орындарда айқын байқалады. Алматы облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің құрылысында кеңінен қолданылса, Шығыс Қазақстан облысында мұндай әріптестік денсаулық сақтау саласында жақсы жолға қойылғанын көрдік. Бұл да бір  үйренерлік жақсы үрдіс, – деп атап өтті Амандық Ғаббасұлы.

Жиын барысында баяндама жасаған Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Маржан Мұраттың атап өткеніндей, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары арасында шикізат пен дайын өнімді жеткізу бағытында тұрақты байланыстар орнаған. Атап айтар болсақ, тек «Қайнар АКБ» ЖШС-нің өзі өткен жылда ШҚО нарығына құны 327,4 млн. теңгенің 22 мың аккумулятор батареяларын жеткізген. «АСПМК-519» Холдингтік компаниясы өз қызметінде Шығыс Қазақстанда өндірілген цемент өнімін пайдалануда. Сондай-ақ бұл компания «Қазақмыс» АҚ мен «Қазцинк» ЖШС, іргелі нысан Үлбі металлургиялық зауыты мен өзге де кәсіпорындардың электр жүйе­лерінің құрылысын жүргізу мен аралық станциялар орнату кезінде толық жиынтықталған электр-техникалық құрылғылармен қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Бұдан өзге де мысалдар жеткілікті.

Сонымен қатар Маржан Мұратқызы Алматы облысында шығарылған өнімдердің әлемнің 41 мемлекетіне жеткізілетіндігін, облыста 700 кәсіпорынның бар екенін, соның ішінде 20-дан астамы трансұлттық компаниялар екенін және де өткен жылда өңірге тартылған инвестиция көлемінің мөлшері 528 млрд. теңгені құрағандығын атап өтті. Осыдан кейін өнеркәсіпті өркендету, бизнесті дамытудың келешегі және екі өңірдің осы бағыттағы қарым-қатынасы туралы Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысы­ның міндетін атқарушы М. Мұ­­сапирбеков баяндап берді.

Жиынды Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қорытындылады. Өңір әкімі жетісулықтардың жылы лебіздері үшін алғысын айтып, ШҚО-ның Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және басқа да облыстармен өңіраралық әріптестігі жақсы жолға қойылғандығын, енді Алматы облысымен де байланыс нығая бастағанын атап өтті.
ШҚО әкімінің сөзіне сүйенсек, мәселен, Алматы облысының орталығы Талдықорғандағы Оқушылар сарайы мен «Жастар» спорт кешенінің жұмысы шығыс­тық әріптестерге ұнағандығына байланысты осы өңірде де осы типті нысандар салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Даниал Ахметов Алакөл жағалауын дамытудағы Алматы облысының тәжірибелеріне де қызығушылық танытатындықтарын білдіре келе, облыс­тар өзара ынтымақтас­тық пен әріптестік қарым-қатынастарын дамыту арқылы Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындауға мүмкіндік алатындығын және ол үшін өңірлердің бір-бірімен соңғы жетістіктерімен бөлісіп, тәжірибе алмасуы қажет екендігін атап өтті.

Қос тараптың кәсіпорын басшылары екіжақты 8 меморандумға қол қойды. Енді екі облыстың кәсіпорындары жалпы құны 20 млрд. теңге көлемінде бір-бірінің шығарған өнімдерін сатып алып, тұтынатын болады. Жалпы, Алматы облысының күндері аясында шығыстық көрермендерге өңірдің шығармашылық ұжымдарының «Жер жаннаты Жетісудан алтын Алтайға» атты мазмұнды концерттік бағдарламасы мен облыстық көркемсурет галерея­сының қорындағы қылқалам шеберлерінің үздік туындылары ұсынылды.

Делегация мүшелері кәсіпорындарды да аралап, олардың жұмысымен таныс­ты. Ірі өндіріс ошағы саналатын Үлбі металлургия зауыты  ураннан, бериллий мен танталдан және ниобийден өнім шығаратын әлемдегі санаулы зауыттардың бірі. Зауыт директоры Юрий Шахворостовтың айтуынша, мұнда 4 мың адам жұмыс істейді, олардың орташа айлық жалақысы бүгінгі күні 175 мың теңгені құрап отыр. Уран диоксиді ұнтағын, отын таблеткаларын, мыс-бериллий лигатурасы мен құймаларын, металды бериллий, тантал мен ниобий қосылған өнімдерді, жалпы аталған металдардан көптеген өнім түрлерін шығарып отыр. Дайын тауар түгелдей экспортқа бағытталған.

Делегация ат басын тіреген «ОХМК» ЖШС-нің 400 бас ірі қараға арналған фермасы да табысты жұмыс істеп отыр. Сонымен қатар мұнда жоғары репродуктивті майлы және дәнді дақылдардың тұқымы көбейтіліп, майлы дақылдарды өсірудің технологиясы жетілдіріледі. Ет пен сүт өндірісі жолға қойылған. Қара ала сиырларды селекциялық-асылдандыру жұмысы жүргізіледі.  Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінің жұмысы да қызығушылық туғызды. Мұнда бір мезгілде 500 адам жаттыға алады. Қазір 780 адам 46 топта өзінің шеберліктерін шыңдап жүр. Ал облыстық оңалту орталығында кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық оңалту, қалпына келтіру емі бөлімдері жұмыс істеп, ем алушыларға сауықтырудың сан түрі қолданылады.

Сәулеттік – этнография­лық және табиғи-ландшафттық қорық-музейі, Ертіс өзені жағалауының абаттандырылуы, сондай-ақ қаланың өзге де көркейту шаралары ерекше назар аудартты. Жетісулықтар әсіресе қорықтың ландшафтық дизайны, Шығыс Қазақстанды мекендейтін этнос­тардың 16 үй-жайы орналасқан этноқалашық, түрлі стильдегі бақтар, ботаникалық бақ пен қайыңды тоғай және кешеннің құрамына кіретін басқа да  орындар тәжірибеге енгізуге тұрарлық дүние екенін көңілге түйіп қайтты.

- Advertisement -spot_img
- Advertisement -spot_img
Соңғы жарияланымдар

Kazakhstan Global Investment Roundtable: Қазақстан әлемдік БАҚ назарында

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында ұйымдастырылған іс-шарада шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесті. Бұл туралы...
- Advertisement -spot_img

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз

- Advertisement -spot_img